Русский Сайттың толық нұсқасы

Словакия премьер-министрі өлім аузында жатыр

  • AstanaTV
  • 18 мамыр 2024
  • 1115

Словакияның премьер-министрі Роберт Фицо Банска-Бистрицадағы аурухананың жансақтау бөлімінде жасалған жаңа операциядан кейін ауыр халде жатыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жұма күнгі баспасөз мәслихатында аурухананың медициналық қызметкерлері Фицоның жағдайы тұрақты және есін жиғанын мәлімдеген.

«Операциялық араласудың нәтижесінде оқ жарақатынан қалған некротикалық тіндер алынды. Қазір науқас есін жиды, жағдайы тұрақты, бірақ ол жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы шынымен де ауыр. Бұл премьер-министрдің қазіргі ауыр жағдайы үшін қалыпты болып саналады», - деді аурухана директоры Мириам Лапуникова.

Айта кетейік, өткен сәрсенбі күні 59 жастағы премьер-министр Словакияның батысындағы Гандлова қаласында қастандыққа ұшырады. Оған бірнеше мәрте оқ атылды.

Полицейлер күдіктіні қамауға алды. Оған кісі өлтіруге оқталу бабы бойынша айып тағылды. Оның Левице қаласындағы үйінде тінту жүргізіліп, компьютер мен кейбір құжаттары тәркіленді.

Билік оны ешбір саяси топпен байланысы жоқ «жалғыз қасқыр» деп атады. Бірақ ішкі істер министрі бұл шабуылдың саяси астары болуы мүмкін екенін айтты.