«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің үшінші маусымы Павлодар – Астана бағыты бойынша басталды
Павлодарда көрнекті геолог-ғалым Қ.Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Ұлы дала жорығы» кең ауқымды республикалық марафон-бәйгенің үшінші маусымы басталды.
Марафонның ашылу салтанатына «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, марафон-бәйгенің тең ұйымдастырушысы Әлібек Әлденей, «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков қатысты.
«AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек партия ұлттық спорт түрлерін дамытуға, сондай-ақ мәдени және тарихи мұраны насихаттауға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдайтынын атап өтті.
«Ұлттық спортты дамыту мәселесі әркез Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында. Ұлттық құрылтайда Президент Қазақстан Ұлы дала көшпелі өркениетінің тікелей мұрагері саналатынын және біз өзіміздің мәдени мұрамызды қорғап, ілгерілетуіміз керек екенін атап өтті. «Ұлы дала жорығы» бәйгесі «AMANAT» партиясының қолдауымен үшінші жыл қатарынан өткелі отыр. Марафон-бәйге қазақстандықтарды біріктіретін, ұлттық рухты нығайтатын жобаға айналды. «Ұлы дала жорығы» біздің ұлттық бірегейлігімізді сақтап, ілгерілетеді деп сеніммен айтуға болады», – деді Дәулет Кәрібек.
Биыл 500 шақырымдық марафон-бәйге Павлодар – Астана бағыты бойынша өтеді. Оған Қазақстанның әр өңірінен 19 команда қатысып жатыр.
«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін үшінші рет өткізіп отырмыз. Бұл – азаматтар мен арғымақтардың төзімі мен ерік-жігері сынға түсетін дода. Барлық спортшыларымыз осы күрделі сынақтан сүрінбей өтіп, жорытқанда жолдары болсын!», - деді марафонға қатысушыларға ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.
Командалар бес күн бойы күніне 100 шақырым жол жүріп өтуі тиіс. Әр 50 шақырым сайын командалар мен олардың аттарына демалуға мүмкіндік беріледі. Жылқылардың жағдайын тәжірибелі ветеринарлар бақылайды. Айта кету керек, әр команданың жолға шығу уақыты әртүрлі. Бірінші команда сағат 07.00-де, келесілер екі минут аралықпен жолға шығады. Нәтижесінде соңғы команданың сапары 07.36-да басталады. Командалардың қандай нөмірмен жарысатыны жеребе тарту барысында анықталды.
Командалар бір-бірімен жарыспайды, өйткені әрқайсының қозғалыс уақыты әртүрлі. Барлық қашықтықты ең қысқа уақытта еңсерген команда жеңімпаз атанады.
Еске сала кетейік, «JORYQ» республикалық федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге бәйге, көкпар, аударыспақ, асық ату, садақ ату, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және т.б. федерациялар бар. Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.