Русский Сайттың толық нұсқасы

Маңғыстауда ірі көлемде ақша жымқырған колледж директоры сотталды

  • AstanaTV
  • 20 мамыр 2024
  • 1069

Маңғыстау облысындағы "Бейнеу гуманитарлық колледжі" мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорынының директоры колледждің бюджеттік қаражаттарын иемденгені, яғни сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлағаны үшін айыпталды, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"Сотталушы 2022 жылғы желтоқсан және 2023 жылғы тамыз айлары арасында колледж қызметкерлеріне сыйақы беру туралы бұйрықтар шығарған. Ол тікелей кадр бөлімі басшысына нақты қандай қызметкерлерге сыйақы беру және оның мөлшері туралы бұйрықтар рәсімдеу туралы ауызша нұсқау берген. Колледж қызметкерлерінің бірқатары сыйақы ретінде өз есеп шоттарына аударылған қаражаттардың бір бөлігін сотталушыға қолма-қол, ал бірқатары бухгалтер арқылы қайтарған" деп мәлімдеді Бейнеу аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сотталушының кінәсі жәбірленуші өкілі мен куәгерлердің жауаптарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Сот үкімімен сотталушы ҚК-нің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 74-бабына сәйкес, асырауында жас баланың болуына байланысты тағайындалған жазаның орындалуы 4 жыл мерзімге кейiнге қалдырылған. Үкім заңды күшіне енген жоқ.