Павлодарда «Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесінің үшінші маусымы басталды. Биылғы жарыс қазақтан шыққан тұңғыш геолог, ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналды. Бәйгеге еліміздің әр өңірінен 19 команда қатысты. Олар 5 күн бойы 500 шақырым жолды атпен жүріп өтетін болады. Бағыт Павлодар-Астана. Күн сайын 100 шақырым жолды еңсеру жоспары қойылған. Әр 50 шақырым сайын тоқтап, тынығуға мүмкіндік бар. Ең қысқа уақытқа Астанаға бірінші болып жеткен команда жеңімпаз атанады.
Дәурен ЕСМАҒАНБЕТОВ, ШАБАНДОЗ:
500 км Алла қаласа, Астанаға деп дайындалып келдік. Павлодар облысының намысын қорғаймыз деп Алланың қалауымен жетеміз деген ойдамыз. Аттарымыз дайындықта. Командамыз міне, толық. Аттарамыз қазақи жабы тұқымды жылқылар.
Бәйге марафон «AMANAT» партиясы, Ұлттық спорт қауымдастығы және Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп отыр. Мақсат ұлттың рухын көтеру, ұлттық спортты дамыту. Оның ішінде этно туризмге ерекше мән берілген. Бұған дейінгі бәйгеде Жетісу, Маңғыстау облысының командалары жеңіске жеткен болатын. Биыл жеңімпаз атанған команда Дүниежүзілік көшпенділер ойынына жолдама алады.
Бақытжан ТҰРЛЫБЕКОВ, «JORYQ» ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Биылғы жобаның ерекшелігі былтырғы мен алдыңғы жылғымен салыстырғанда, биыл 500 шақырым. 22 жылы 1200 болды, 23-те 1300 болды. Биыл 500. Неге 500? Себебі, біз күзде өтетін халықаралық «Ұлы дала жорығына» дайындалып жатырмыз. Осы жобадан өткен үш команда халықаралыққа жолдама алады.