Елімізде әр адам күніне орташа есеппен төрт кесе шай ішеді. Сондықтан болар әлемде ең көп тұтынатын 10 елдің қатарына кірдік. Самаурыннан шәй ішіп, шөлді қандыру қанымызға сіңгендіктен бұған ешкім таңғалмас. Бестің шайын ішпесе басы ауыратын Айдана Қайрат халықаралық шай күніне байланысты бейнематериал әзірледі.
Айдана ҚАЙРАТ, ТІЛШІ:
Сексеуілмен самаурын қайнатып, түтінін бұрқыратып, қоюлап тұрып, ыстық шай ішсем, шіркін! Қиялға беріліп ауылды емес, бестің шәйін сағынып отырмын. Қызыл шоқ болмаса да тоққа қайнатып, түс ауа бір шыныаяқ шай ішем. Әжемнің қызы болғасын ба құмарлығым қалып қойған.
Мен секілді шай ішпесе басы ауыратындар аз емес. Әсіресе, үлкендер. Қазақстан әлем бойынша шайды ең көп тұтынатын 10 елдің қатарына кіруі сөзіміздің дәлелі іспетті. негізі шай елімізде қонақжайлықтың, достықтың, дипломатияның белгісі. Оған дәлел АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм "өзіміз отырып, шай ішейік" деген танымал сөзді айтып, әлеуметтік желіде мерекемен құттықтады.
Әр адам күніне орташа есеппен төрт кесе шай ішеді. Жан басына шаққанда бұл көрсеткіш Англия, Австралия, Канада, Жапония, Америка мемлекеттерінен екі есе жоғары. Керісінше, шайды ең көп өндіретін мемлекеттің бірі Үндістанда шай ішу көрсеткіші бұлардан әлде қайда төмен. Жалпы ел тұрғындарының 99 пайызы күнделікті шай ішеді. Түрлері өте көп. Тиісінше, талғаммен тұтынатындар артқан.
Константин ВАПНУРЯК, ТИТЕСТЕР:
Жапырақты қара және жасыл түрлеріне қашанда сұраныс көп. Дегенмен адамдар түрлі әдіспен қайнатылатын шайларды да жиі алады. Біз кез-келген шайға тапсырыс берер алдында оның құрамын ағзаға деген пайдасын тексеріп барып сатып алушыларға ұсынамыз.
Шай түрлі бактерияларды өлтіре алатын күшке ие. Қытай медицинасы да шайды уланған адам ағзасын емдеуге пайдаланған. Онымен ауыр тері жарақаттарын емдеп, дене еңбегімен шұғылданғанда сергу үшін ішкен. Негізінен, ол – сүзек, дизентерия тәрізді аса қауіпті бактерияларды жояды. Қан құрамын, жүрек жұмысын жақсартып қана қоймай, бүйрекке тас байлануын болдырмайды.
Екатерина АНДРАШУЛИН, ТИТЕСТЕР, КЕҢЕС БЕРУШІ:
Жүрек аурымен ауыратын адамдарға көбіне түймедақ, жалбыз шайларын ұсынамыз. Қан-қысымы кезінде түрлі жеміс-жидек қосылған шай түрлерін ішкен пайдалы. Бірақ. Әрине сатып алушы дәрігермен ақылдасып ішкен дұрыс болады. Адам ағзасына жақпайтын шай түрлері де болады.
Шайдың түсі қанық болуы үшін 82-83 градустан асырмаған дұрыс дейді мамандар.