Русский Сайттың толық нұсқасы

«Балалар демалысын моншада ұйымдастырып жүрмесін», - О. Бектенов

Елдегі балаларға арналған лагерьлердің тозығы жетіп, қирауға жақын. Басым бөлігі Кеңес кезінде салынған, содан бері жөндеу көрмеген. Ол былай тұрсын, былтыр демалыс орындарында болған оқыс жағдайлар, тіпті, жаға ұстады. Алматы облысындағы лагерді саунада ұйымдастырғандар туралы естіген боларсыз?! Кейін кінәлілер сотталып, бас бостандықтарынан айырылды. Бұл – бір мысал. Осыған ұқсас заң бұзу фактілерін тізсең, жалғаса береді. Биыл сол қателікті қайталамас үшін құзырлылар не істейді? Қандай шара қолданып жатыр? Аружан Задабек айтады. 

Биыл 3,8 млн оқушы оқу жылын аяқтайды. Оның 374 мыңы бастауыш сыныпты, 341 мыңы негізгі мектепті тәмамдайды. Ал, 186 мың бала оқу ордасымен қоштасады. Жазғы демалысқа шыққан балалар лагерьлерге бара алады. Биыл 10 мыңнан аса демалыс орнында 3 миллионға жуық оқушы уақытын өткізеді деп жоспарланған.

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «QH Жаздық жолдама» жобасымен 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Оның ішінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушыларына, халықтың әлеуметтік осал топтарынан және көпбалалы отбасыдан шыққан ауыл балаларына басымдық беріледі.

Иә, есепте бәрі жақсы. «Ананы істедік, мынаны істеп жатырмыз» деген министрліктің сөзінде мін жоқ. Бір қарағанда бәрінің тамаша екеніне өзің де сеніп қаласың. Бірақ Премьер-министр балалардың жазғы демалысы тиісті деңгейде ұйымдастырылмайтынын ашып айтты. Жұмыс, көбінесе, есеп беру үшін атүсті жүргізіледі, - деді.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне толық кепілдік берілуге тиіс екенін ерекше атап өтемін.

Мойындау керек, бізде танымдық және мазмұнды іс-шаралар аз. Барының өзі балалар қызығушылығына сай келмейді. Қауіпсіздік пен санитарлық талап туралы жақ ашудың өзі артық. Қолынан келетіндер қонышынан басып, демалыс орнын пайда табу көзіне айналдырған. Былтыр осындай 16 лагерь рұқсатсыз жұмыс істеген.

Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Әр лагерьге нақты маман бекітіліп отыр. Бүгінге күнге жоспарланған 182 лагерьдің 163-не консультация берілді. 45 маусымдық лагерьге мониторинг жүргізілді.

Балалардың бос уақытын ұйымдастыру бір көзбен қарай салатын тақырып емес. Басқа-басқа лагерьдегі іс-шараларды ұйымдастыру – басты мәселеге айналуы тиіс. Министрлік биыл өткен жылдың қателігін қайталамас үшін барымызды салып жатырмыз, - дейді. Алғашқы нәтиже – цифрлық платформа әзірлеу. Ата-аналар осы арқылы балаларының не істеп, қайда баратынын бақылай алады. Бұдан бөлек, Туризм министрлігімен бірігіп балаларды тарихи орындарға апару көзделген.

Ермек МАРЖЫҚПАЕВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Бұл жобалар баллар мен жасөспірімдерге жазғы демалысты әртүрлі өткізуге ықпал етеді. Сонымен қатар белсенді өмір салтын сақтауға, ел мен әлем туралы білімдерін кеңейтуге көмектеді.

Балалар лагерьлеріне қатысты Президент нақты тапсырма берген. 2026 жылдың соңына дейін 50 демалыс орны, 100 шығармашылық орталық салынуы тиіс. Биыл оның 11-і жұмысқа кірісті.