Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс қазақтың жойылып бара жатқан асыл тұқымды жылқыларын қорғайтын заң қабылдады

  • AstanaTV
  • 22 мамыр 2024
  • 849

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері туралы заң қабылдады. Заң Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленді.

 Осы заңға бастамашы болған депутаттардың бірі Айдарбек Қожаназаров жалпы отырыста баяндама жасап, басты мақсат – мемлекеттік қолдау көрсету арқылы отандық спорт бағытындағы жылқы тұқымын қалпына келтіру және асыл тұқымдық қасиеттерін жақсарту екенін айтты.

– Қостанай тұқымы 70 жылға созылған ғылыми зерттеудің нәтижесінде шығарылған, мамандандырылған спорттық бағыттағы және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылатын қазақтың шабандоз тұқымы, халықтың ұлттық қазынасы. 1969 жылы елімізде 44 мыңнан астам Қостанай жылқы тұқымы тіркелген, яғни барлық асыл тұқымды жылқылардың жалпы санының 9,7 %-ын құраған. Алайда бүгінде Қостанай жылқы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды, ал Адай жылқы тұқымының 1300 басы тіркелген, – деді депутат.

Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, егер спорттық мақсатта пайдаланылатын отандық жылқы тұқымдарын сақтау мен көбейту бойынша бір құжат қабылдамасақ, бабаларымыздың, ғалымдарымыздың көпжылдық еңбегі далаға кетудің аз-ақ алдында тұр.

– 2014 жылы тұқымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тоқтатылғаннан кейін Қостанай жылқыларының саны күрт азайып, жойылу алдында тұр. Бұл жағдай ұлттық ат спорты түрлерін дамытудың негізгі тежеуші факторларының бірі болып отыр. Осыған байланысты Парламент депутаттары отандық жылқы тұқымын сақтау мен өсімін молайтуға бағытталған Заң жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдады, – деді А.Қожаназаров.

Сонымен қатар «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» және «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» заңдарға да түзетулер енгізіледі.

Депутат атап өткендей, заңнамалық түзетулерде қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған іс-шараларды субсидиялау көзделген.

Олар – асыл тұқымды орталықтардың шетелдік селекцияның спорттық бағытындағы асыл тұқымды айғырларды сатып алу, асыл тұқымды аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу және оларды ұстау бойынша шығындарды өтеу.

– Аталған қолдау тетіктері, отандық спорттық бағыттағы жылқы тұқымдарын дамытуға жағдай жасап, бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу сынды ұлттық ат спорты түрлерін бұқаралық дамытуға ықпалын тигізеді, – деді А. Қожаназаров.

Заң жобасын талқауға қатысқан депутат Аманжол Әлтай айтылған мақсаттарды іске асыру үшін заң жобасында «асыл тұқымды жануар» және «тұқым стандарты» ұғымдарына өзгерістер енгізілгенін айтып өтті.

– Осыған сәйкес асыл тұқымды жануарлардың фенотиптік және өнімділік көрсеткіштермен қатар, жылқылардың жұмысқа қабілеттілігіне, ептілігі, төзімділігі сияқты басқа да пайдалы қасиеттер тұқым стандартына жатқызылады, – деді А.Әлтай.

Ал осы заң жобасын талқылау кезінде үн қатқан депутат Жанарбек Әшімжанов еліміздің тарихында қалған қолтума, төлтума сәйгүліктердің бүгінгі тұқымының тұздай құрып бара жатқанын жеткізді.

– Естеріңізге салар болсақ Ұлттық спорт қауымдастығы әлемдік стандартпен сертификатталған қазақтың төл тұқымдары жойылып кету алдында тұрғандығы жөнінде жиі-жиі дабыл қақты. Осы ретте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халқымыз үшін жылқының орны қашанда ерекше, қазақтың арғымақтары шөлге шыдамды, алыс жолға төзімді екенін айтып, Үкіметке қазақы жылқы нәсілін ғылыми түрде асылдандырып көбейту үшін тиісті жұмыстарды жедел қолға алуды тапсырған болатын. Және алқашқы шешімдері қабылданып та басталды. Осы тұрғыда Мәжілісте әзірленіп жатқан заң жобасы ұлтымыздың жоғалып бара жатқан бір асылын түгендеуге үлкен септігін тигізеді деген сенімдеміз, – деді депутат Ж.Әшімжанов.