Русский Сайттың толық нұсқасы

Футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкер Пауло Рикардо Кака ағаш екті

Елордада "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы жалғасуда. Бүгін футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака Футбол үйінің ауласына ағаш екті.

Рикардо Каканың басшылығымен 2021 жылы Литвада Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында 4 орын алған. Бұл ел тарихындағы ең үлкен жетістік. Бас бапкер футбол жанкүйерлерін тазалықты сақтап, табиғатқа өз үлестерін тигізуін сұрайды.

Пауло РИКАРДО КАКА, ФУТЗАЛДАН ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:

Бүгін біз Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" экологиялық акция бастамасын қолдап, ағаш егіп жатырмыз. Бұл әрекетіміз жастарға үлгі болады деп сенемін. Себебі футбол тек қана спорт емес, біз бұл арқылы адамдардың назарын табиғатты ластамауға аудара аламыз.

"Таза Қазақстан" экоакциясы басталғалы бері елордада 200 мыңнан астам ағаш егілген. Сонымен қатар акцияны бұрынғы атақты Челси футболшысы Клод Макелеле де қолдады.

Бағдат АТЫМТАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Тек қана ағаш отырғызу емес, қоқыстардан тазарту. Мысалы біздің жастарымыз өте белсенді қатысуда осы экологиялық акцияға. Жастарымыз елордамыздағы ескерткіштердің жанын тазалауда, қала шетіндегі су қоймаларын тазартуда.

Экологиялық акция қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастырып келеді. Алаңның айналасына бапкермен бірге жастар да, кәсіпкерлер де жиналып тазалық жұмыстарын жүргізді.

Талғат ҚОЖАХМЕТОВ, КӘСІПКЕР:

Алдымен, таза қала - бұл ұлттың денсаулығы. Ағаш егу - келешек ұрпаққа бізден қалатын өнеге. Экоакцияның арқасында біз жастарды еңбекке баулудамыз. Және де дәл Каканың ағаш еккені футбол жанкүйерлеріне үлгі болады деп ойлаймын.

Естеріңізге салсақ, 8 сәуірде бастау алған «Таза Қазақстан. Астана - тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы әлі де жалғасуда.