Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО тұрғыны трактор ұрлап, істі болды

Батыс Қазақстан облысында ауыл тұрғыны трактор ұрлап істі болды. Бөгденің мүлкіне көз алартқан азамат ендігі өмірін түрмеде өткізуі мүмкін. Облыстық полиция департаментінен хабарлағандай, күдікті Теректі ауданындағы жеке шаруа қожалығының гаражын бұзып, ішке кірген. Бір қызығы, оның ауыр техниканы қыздырып, от алдырғанын ешкім байқамапты. Бірақ тәртіп сақшылары барымташыны алысқа ұзатпады. Көк тракторға көңілі толмаған күдікті оны орманға жасырып, ізін суытыпты. Техникасын аман-есен қайтарып алған иесі қуанышын жасыра алар емес. 

Бауыржан САХАТОВ, КӨЛІК ИЕСІ, КӘСІПКЕР:

Тракторым ұрланғанын білген сәттен бірден полицияға хабарласып, арыз жаздым. Сақшылар бір күннің ішінде тауып берді.

 Ауыл тұрғынының тракторға неге “ойы кеткенін” енді полиция анықтайды. Егер иесі кешірім бермесе, күдікті сотталуы мүмкін. 

 Асылай ҒҰБАШЕВА, БҚО ПД ИМИДЖДІК ЖҰМЫС ЖӘНЕ ІШКІ КОММУНИКАЦИЯЛАР БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыста 33 көлік ұрлығы тіркеліп, оның барлығы да ашылды.