Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда әскери қызметкерлерді тасымалдап бара жатқан «КамАЗ» көлігі апатқа ұшырады

  • AstanaTV
  • 10 ақпан 2017
  • 3152

Тараз-Шымкент тас жолында жол апаты болды. Әксерилер мінген КамАз көлігі жолдан шығып кеткен. Көлікте 28 адам болған. Олардың 19-ы ауруханаға түскен. Тілшіміз Данияр Әлімқұл мән-жайды анықтауға тырысты.

19 адам дереу ауруханаға жеткізілген. Олардың біразын дәрігерлер қарап, жеңіл жарақат алғандарды үйлеріне қайтарған. 5 әскери ауруханаға жатқызылған. Ауыр жарақат алған екеуі қазір сынық-жарақат бөлімінде. Ал үшеуінің халі ауыр. Қазір олар жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер, олардың ешқайсысының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, деп отыр.

Руслан Юсупов, №1 Тараз қалалық ауруханасы жарақат бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушысы:

Үшеуі жансақтау бөліміне түсті өте ауыр жағдайда. Оларға толық көмек көрсетілді. Солардың ішінен бір жауынгерге операция жасалды. Көкбауыры жыртылған себебінен оған ота жасалып қойды. Қазір жағдайы ауыр. Екіншісі, көп қабырға сынуымен, үшіншісі бас-ми шайқалуымен. Жансақтауда жатқандар шығуы үшін шамамен 1-2 апта уақыт керек.

Зардап шеккен әскеридің бірі - 30 жастағы Жолдас. Бұғанасы сынып, операцияға алып бара жатқан жерінен мән-жайын сұраған едік. Апаттың неден, қалай болғаны есінде жоқ.

-Жағдайыңыз қалай? Не болды өзі?  

Жолдас Тіленшиев, әскери қызметкер:

Жақсы жағдайым бәрі, иығымды сындырып алғаным болмаса. Түк түсінбедім, ештеңе білмеймін, шынымды айтайын. Қай жақтан шыққанда, өзіміздің жұмыс істейтін жерден шықтық қой. Істейтін жерімді айта алмаймын. Оны бастықтардан сұрайсыздар.

Куәгерлердің айтуынша, олар 91 678 әскери бөлімінің қызметкерлері. Ал дәрігерлер тек келісімшарт негізінде жұмыс істейтіндерін ғана айтты. Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратқа сенсек, әскери көлік жүргізушісі көктайғақтан тізгінге ие бола алмай қалған. Жол жиегіне шығып, аударылып қалған. Қазір жол апатына қатысты тергеп, тексеру жүргізіліп жатыр.