Русский Сайттың толық нұсқасы

Темірұлан Диханбаев қайтыс болған мектептің директоры қатаң сөгіс алды

  • AstanaTV
  • 10 ақпан 2017
  • 3782

Сабақ үстінде қайтыс болған Темірұлан Диханбаев оқыған №59 мектептің директоры мен орынбасары қатаң сөгіс алды. Ал орыс тілі пәнінің мұғалімі қызметінен босатылды. Бұл туралы «Астана» телеарнасына білім басқармасының өкілдері хабарлады. Сондай-ақ осы қайғылы оқиғаға байланысты білім ордасында қызметтік тексеріс ұйымдастырылып, жауапты азаматтарға қарсы тәртіптік жаза қолданылған.

Әнуар Жанғозин, Астана қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Өз қызметіне салғырт қарағаны үшін мектеп директоры Жұмабековаға және оның ғылыми-методикалық жұмыс бойынша орынбасары Сердінбаева және сынып жетекшісі Байболоваға қатаң сөгіс жарияланды. Ал орыс тілі пәнінің мұғалімі Сәуленбекова қызметінен босатылды.

Ал баланың туыстары бұл шешімге көңілдері толмайды. Сондықтан сотқа қосымша тексеріс өткізу үшін өтінім хат жолдаған. Сол себепті тергеу амалдары тағы бір айға созылмақ.

Бауыржан Мусин, Темірұлан Диханбаевтың ағасы:

Менің ойымша, директорға қатаң сөгіс беру - тым жеңіл жаза. Бұл тек тәртіптік бұзушылық емес қой. Біздің қолымызға тиісті құжаттар түссе, бірден білім министрлігі мен әкімшілікке барамыз. Өтірік ақпарат таратқаны үшін білім басқармасының басшылығы да жауап беруі тиіс.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Ішкі істер министрлігі, Темірұлан Диханбаев сыныптасының соққысынан кейін қайтыс болды, деп хабарлаған болатын. Алайда жасына байланысты бала заңға тартылмайтыны анықталған.