Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада АИ-80 маркалы бензинге сұраныс артты

  • AstanaTV
  • 10 ақпан 2017
  • 2156

Бензин қымбаттағалы Астанада АИ-80 маркалы жанармайға сұраныс артты. Қазір тек талонмен ғана берілетін бензиннің бұл түрі түн ауғанда ғана еркін сатылымға түседі. Сондықтан арзан бензин құюға асыққан жүргізушілер ұзын-сонар кезекке тұрады. Тілшіміз Дәуренбек Бақдәулет түн ұйқысын бөліп, жағдайды біліп келді.

Бұл Астанадағы ірі жанармай құю бекеттерінің бірі. Мұнда түнгі 11-ден кезекке тұру басталады. Қарапайым көлікті айтпағанда, мынау сынды джиптер, су жаңа иномаркалар да бар. Барлығының мақсаты бір. Ол - АИ-80 маркалы бензинмен багын толтырып алу. Жүргізушілер, бензин қымбаттағалы АИ-80-ді құюға мәжбүрміз, дейді.

Қазір 80 құйып жатырмыз, 89 теңгеден, ал, анау 140-145 теңгеден болып жатыр. Қалта көтермейді.

Жалақы аз, бірақ басқасы қымбаттап жатыр. Біз күнде өстіп кезекке тұрамыз. 2 сағат, түнгі екіге дейін.

Түнгі 12-де мына 80-ді іздеп жүрміз, амал жоқ, 80 құю керек. Бала-шағаның қамы мынандай 26-27 градус аязда. Не деген сұмдық мынау? Мысалға, АИ-92 нің бағасы 150 теңгеге жетейін деп жатыр. Халықты қинап жатыр мынау, мына қарапайым халықты. Айналдырған бір 50-60 мың айлыққа қарап отырмыз.


Жүргізушілердің сөзіне сенсек, АИ-80 күндіз тек бірен-саран жанармай стансасында талонмен беріледі. Ал мұнда артылғаны ғана түнгі 12-ден кейін сатылымға шығарылып, қып-қызыл таласқа түседі. Бұл кезде шектеу де жоқ. Сондықтан жүргізушілер шелек-торсықтарына да толтырып алып жатыр.

Не только в 12 ночи, мы и в 2, и в 3 часа ночи приходим. Бензин продают только 3 часа. Нужно выходить с этой ситуации.

Жоғары маркалы бензин мемлекеттік реттеуден кеткелі бағасы құбылып тұр. Әзірге АИ-80-ді ғана үкімет реттеп отыр. Бірақ Астанада көп стансада АИ-80 сатылымда жоқ. Бары талонмен ғана беріледі. Энергетика министрлігі алдағы уақытта бұл маркалы бензиннің көлемін тек азайта бермек.

Қазақстан Республикасының  Энергетика министрлігі:

Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенті талаптарының негізінде, сондай-ақ ҚР мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жобаларын аяқтау жоспарының негізінде, жоғары маркалы бензин мен дизель отынын өндіруді арттыру үшін зауыттарда АИ-80 бензин өндірісін біртіндеп азайту жүріп жатыр.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

"ҚазМұнайГаз өнімдері' таратқан ресми ақпаратта, алдағы уақытта АИ-92 маркалы бензин бағасының 1 литрі 145 теңгеге дейін өсуі мүмкін, делінген. Қарапайым жүргізушілердің қалтасын жанармайдың қазіргі бағасының өзі қағып біткен сыңайлы.  Егер баға осы қалыппен өсе беретін болса, онда сапасы нашар, көлемі шектеулі бензинге Астананың жарты халқы түн жарымында таласа-тармаса кезекке тұруы мүмкін.