Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада 300-ден астам жекеменшік балабақша жабылуы мүмкін

Елордада 300-ден астам жекеменшік балабақша жабылуы мүмкін. Кәсіпкерлер осылай деп дабыл қағуда. Оған- ғимарат құжаттарын қайта рәсімдеу себеп. Қазір жеке мектепке дейінгі білім беру орталықтарында 37 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Егер осылай жалғаса берсе балабақша тапшылығы орын алуы мүмкін. 

Елордада 500 шақты жеке балабақша бар. Оның 80 пайызы ғимаратты жалға алып отыр. Көбісінің құжаты жеке тұрғын үй секторы ретінде рәсімделген. Ал жауаптылар оны бизнес секторы ретінде қайта тіркеу керектігін айтады. Оған 1 ай уақыт беріледі.

Майра БӘЙДІБЕКОВА, ҮЗДІКСІЗ БІЛІМ БЕРУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз жеке кәсіпкер ретінде түзетулерге қарсы емеспіз. Бірақ коттеджде немесе көпқабатты үйдің бірінші қабатын жалға алып, балаларды тәрбиелеп отырғандар бар. Егер ғимарат 10 соттық болса шамамен құжат рәсімдеуге 10 миллион теңге кетеді. Ал жалға берушілерге бұл тиімсіз. Одан да хостелге немесе сұлулық салонына жалға бергені дұрыс.

Дер кезінде құжатын тіркеп үлгермеген кәсіпкерлерге 60 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Мәслихат депутаты Мәдина Әжікенова құжатты қайта рәсімдеуге ұзақ уақыт кететінін айтады. Егер талап күшейе берсе көбі жабылып қалуы ғажап емес. Бұл жағдай балабақша тапшылығын туғызуы мүмкін дейді.

Мәдина ӘЖІКЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Жеке кәсіпкерлердің, балабақша иелерінің алдында бірден мұндай талап қойған дұрыс емес. ИЖС-тен коммерциялық ғимаратқа ауыстыру үшін, коттеджді, 6-8 ай уақыт кетеді. Оның көбісінің телері жалға беріп отыр. Оған келіспейді. Балалардың саны көп.Оны толық қамтамасыз ете алмай қалады. Сондықтан бұл жерде жекеменшік балабақшалардың көмегі тиіп жатыр.

Биыл шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий аяқталды. Төтенше жағдайлар департаменті 40 балабақшаға тексеріс жүргізген. 300-ден астам заң бұзушылықты анықтапты. Оларға 40 хаттама толтырған.

Ажар РҮСТЕМОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Көбінесе бұзушылықтар өртке қарсы сигнализацияның ақаулығы. Электр сымдарының жабдықтарының ақаулығы болып табылды. Және эвокуациялық жолдардың өртке қарсы жабдықталмауы болды.

Егер анықталған заң бұзушылық белгіленген уақытта қалыпқа келтірілмесе 36 мыңнан 184 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.