Амстердамның «Схипхол» әуежайында KLM Cityhopper жолаушылар ұшағының жұмыс істеп тұрған қозғалтқышына тартылып қалған ер адам қайтыс болды, деп хабарлайды KAZINFORM ВВС-ге сілтеме жасап
Оқиға сәрсенбі күні түстен кейін Embraer E190 ұшағы ұшуға дайындалып жатқан кезде болған. Ол Данияның Биллунн қаласына KL1341 рейсін орындауы тиіс еді.
Нидерландтың NOS қоғамдық хабар таратушысы жариялаған кадрларға қарағанда оқиға терминал жанындағы перронда болған.
Оқиға орнынан түсірілген суреттерде ұшақтың қасында өрт сөндіру көліктері мен төтенше жағдайлар қызметкерлері көрсетілген.
«Бүгін „Схипхолда“ оқиға болды, соның салдарынан адам жұмыс істеп тұрған ұшақ қозғалтқышына тартылып қалған. Өкінішке қарай, ол қайтыс болды. Қазіргі кезде біз оқиқаға куә болған жолаушылар мен қызметкерлерге қамқорлық жасап отырмыз», — делінген KLM хабарламасында.
Әуежайдағы қауіпсіздікке жауапты Нидерландтың корольдік әскери полициясы жолаушылардың ұшақтан шығарылғанын, ал билік тергеуді бастағанын хабарлады.
Қаза болған адамның кім екені әлі анықталған жоқ.
Әлеуметтік желілерде оның жерүсті қызметінің қызметкері болуы мүмкін екені жазылған, бірақ Algemeen Dagblad (AD) басылымының дереккөздері бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын және ер адам күтпеген жерден қозғалтқыштың қасында қалғанын хабарлады.
Flightradar24 қызметінің мәліметінше, KL1341 рейсін басқа ұшақ орындаған, ол алты сағат кешігіп ұшып, Биллунға сағат 21:23–те қонған.
AD мәліметінше, ұшуды резервтегі экипаж жүзеге асырған. Данияға келгеннен кейін жолаушыларға психологиялық көмек көрсетілді.
«Схипхол» — әлемдегі ең үлкен әуежайлардың бірі. Биылғы сәуір айында ғана ол 5,5 млн-ға жуық жолаушыға қызмет көрсетті.
Әуежайда қатаң қауіпсіздік шаралары сақталған, мұнда апаттар өте сирек кездеседі, деп атап өтті AFP.