Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда мектеп оқушылары тоңып отыр

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2017
  • 2700

Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданының оқушылары азынаған мектепте білім алып жатыр. Білім ошағы осыдан жарты ғасыр бұрын салыныпты. Едені жарылып, төбесі құлаудың алдында тұрған ғимаратты жылыту мүмкін болмағасын, мұғалімдер шәкірттеріне жылы көрпе жамылып, сабақ оқуға кеңес берген.

Еркін Карин, тілші:

Долин ауылындағы Чапаев орта мектебінде қазір 150 оқушы екі ауысыммен оқиды. Таңертең мектеп суық болғасын, жоғары сыныптың оқушылары оқыса, түс қайта күн жылына бастауыштың балалары келеді. Оқушылардың сырт киіммен сабақта отырғанына да көз үйреген. Бірақ балалардың толықтай сабаққа қатысуы сиреген. Өйткені суық тиіп ауырып қалатын оқушылар көбейіпті.

Бүгін неше бала сабаққа келгенін білесің бе? 15 бала!


Наталья Литвина, Долин ауылының тұрғыны:

Балаларым апта сайын ауырады, дәрігерге бара беруге де ұят. Суық тиіп, созылмалы ауруға шалдыққан балаларды емдету оңай емес. Осыны айтып, оқу меңгерушісінен сабақты 35 минутқа қысқартуын сұрағанымызда, балалар бізден артық емес деп, ұсынымыздан бас тартты. Өйткені өздері пеш қосылған жылы кабинетте отырады. Жылы жерде отырған адамдар суықта тоңған баланы неғылсын?

Азынаған желден сеп болар деп спорт залының терезелері ағашпен бітеліпті. Бірақ мұндағы температура да 3 градус суықты көрсетті. Еден жарылып, төбенің құлағанына қарамастан, дене тәрбиесі сабағы тоқтаған емес. Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған мектептің содан бері жібі түзу жөндеу көрмегенін мектеп директоры да мойындайды. Бірақ қолдан келер қайран жоқ деді.

Жанеділ Бөкенов, Чапаев орта мектебінің директоры:

Мектептің жағдайы нашар екендігін әкім мен аудандық білім бөлімінің меңгерушісіне жаздық. Олар бізге жобалау-сметалық құжаттарын жасап жатқанын, түбінде күрделі жөндеу жүргізетінін жеткізді. Мектептің суық екені рас, 316 тонна көмір алдық, бірақ бұл көмірдің жылуы жоқ.

Ауыл әкімдігінің өкілдері де мектеп салынғалы бері салқын екендігін айтады. Ал әкелінер көмір мектепті жылытуға жетпейді екен.

Серік Жармұханов, Долин ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

Мектептің қабырғасы силикат кірпіштен салынған, қалыңдығы нормативке сай емес. Сондықтан іштегі жылуды ұстап тұра алмайды. Әрі терезелер тым үлкен болғасын, ішке суық тартады.

Ата-аналар күндердің күнінде мектептің жөнделерінен үмітін үзбесе, сыныпта көрпе төсенген оқушылар күннің жылынғанын асыға күтіп жүр. Ал ауа райын болжаушылардың дерегінше, ақпанның ортасына дейін аяздың беті қайтпайды.

Еркін КАРИН