Русский Сайттың толық нұсқасы

Конституциялық реформаларға қатысты жиын өтті

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2017
  • 2349

Еліміздегі конституциялық реформалар халық тарапынан кеңінен қолдау тауып отыр. Бүгін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамедтің қатысуымен  басқарудың тиімді, тұрақты және замануи жүйесін құру тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында ғалымдар, заңгерлер мен парламент депутаттары қоғамда түсініспеушілік тудырған 26 бапқа ерекше тоқталып, мәселені қызу талқылады.

Қызу талқыға түсіп жатқан мәселелердің бірі Конституцияның жиырма алтыншы бабындағы меншікке қатысты өзгерістер. Онда "Қазақстан республикасының азаматы" деген тіркесті әркім деген сөзге өзгерту ұсынылған. Мұхтар Құл-Мұхамедтің сөзінше, бұл жаңашылдықты кәсіпкерлер жағы қуана қабылдады. «26 бапты кеңінен қолдап отырғандар бизнес иелері екенін жасырмауымыз керек», - деді партия төрағасының бірінші орынбасары.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бірқатар облыстарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездескеннен кейін Елбасымыз ұсынып отырған рефопрмаларды халықтың кеңінен қолдайтындығына көз жеткіздім. Кәсіпкерлер қауымы жеке меншікке қатысты өзгерістерді одан ары күшейтуді ұсынып отыр. Сондықтан бұл реформа да елімізді одан ары күшті, қуатты етіп, халқымыздың бере-бірлігін арттырады деп нық сенемін.

«Кезінде жерге қатысты шеру ұйымдастырмақ болғандар "шетелдіктерге жер сатылмасын" деген ұранды басшылыққа алуды көздеген еді. Бірақ жер сатылады деген сөз арандатушылардың ісі болатын. Бұл жолы да жердің ешқандай қатысы жоқ, мұнда мүлік туралы әңгіме көтеріліп отыр», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Мәселені талқылау барысында депутаттардың бірі инвесторлардың көзқарасы тұрғысынан сөйлесе, енді бірі 26 баптағы өзгерістерді халықтың атынан жеткізу керектігін айтты.

Анар Жайылғанова,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Ол бапқа аса қатты өзгерістер енгізіліп жатқан жоқ, егер мән беріп қарайтын болсақ. Яғни 12 баптың төртінші тармағы күшінде қала отырып, 26 баптағы жеке-меншікке деген құқықты әркім деп қана көрсеткен. Бұл жерде қарап отырсаңыз заңгер ретінде, заң жүзінде қарасаңыз, ешқандай да өзгерістер жоқ.

Ал билік тармақтарының арасындағы өкілеттілікті қарайтын жұмыс тобына жалпы саны 2000-дай ұсыныс түскен. Оның ішінде Қазақстан азаматтарынан нақты 500 ұсыныс бар. Олардың барлығы да Конституцияның 40 пайызға жуық мәтінін қарастырады. Контитуциялық реформаларды бүкіл халық болып талқылау 26 ақпанға дейін жалғасын табады. «Нұр Отан» партиясы атқарылып жатқан реформаларды толықтай қолдап, партияның, халықтың, заңгерлердің атынан ұсыныстар әзірлейтін болады.