Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысы Шет ауданының бірнеше ауылы әлі күнге дейін жарық пен жолға зәру болып отыр

Қарағанды облысына қарасты Шет ауданының Красная поляна ауылының тұрғындары әлі күнге дейін жарық пен жолға, интернетке зәру. Елдімекенге автобус кірмейді. Қалаға қатынайтын таксидің құны- 15 мың теңге. Жылдар бойы талай табалдырықты тоздырған жұрт “Amanat” партиясының көмегіне жүгінді. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесті. 

Жиі сөнетін жарықтан әсіресе ұстаздар мезі болған. Күндіз жұмыста ток сөнеді, ғаламтор толық тартпайды. Жыл бойы оқушыларға интернетті өз телефондарынан таратып келген.

Наталья ТАУЦКАЯ, КРАСНАЯ ПОЛЯНА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ветер подул нету света... Жел соқса да, жаңбыр жауса да, найзағай жарқылдаса да жарық сөнеді. Үйде бірдеңе істеуге қорқасың. Өткен жылы бірнеше күн жарық болмаған кезде тоңазытқыштағы азық- түлікті тастауға тура келді. Ал мектепке келсең интернет жоқ, қазір педагогикада ол өте қажет, еріксіз оқушылармен бөлісеміз.

Красная полянада 1 мыңға жуық халық тұрады. Ауыл облыс орталығынан 100 шақырымда, ал Жезқазған- Қарағанды тас жолының бойынан небәрі 4-5 км қашықта. Осы аумақтың нашарлығы сонша ауылға автобус кірмейді. Тұрғындар бағасы аспандаған таксимен қатынауға мәжбүр.

Наталья ТАУЦКАЯ, КРАСНАЯ ПОЛЯНА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізде демалыс күндері қаладан үйлеріне қайтатын студенттер көп. Оларды Қарағандыдан әкелу ең арзан дегенде 15 мың теңге. Апару да сондай. Жүргізушілер нашар жолмен жүргілері келмейді.

Шет ауданының бірнеше ауылында жарық проблемасы шешілмей келеді. Ауданды электр тогымен қамтитын “ШетЭнерго” серіктестігі жергілікті әкімдікті де пысқырмайды, соттасады, айыппұл төлейді, сонымен құтылады. Амалы таусылған жұрт “Amanat” партиясының көмегіне жүгінді. Қазір елімізде “Құқықтық” көмек жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осыған орай Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері ауыл тұрғындарының жанайқайын шенеуніктермен бірге барып тыңдады.

Александра ЛИСАЧЕНКО, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ КОНСУЛЬТАНТЫ:

Партия әрбір сұрақты өз бақылауына алады. Олардың шешілуін қадағалаймыз. Тиісті мекемелерге сауалдар жолданып, облыстық, аудандық әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істейміз.

Орал СЫТЫБАЕВ, ШЕТ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

“Республикалық жолдан Красная Поляна елді мекеніне кіре беріс жолға 4 жарым шақырым, бүгінде конкурс ойнатылып жатыр. Биыл жартысын салып, толық беріп жатса толық бітіреміз. Негізі переходящий объект, ауыспалы нысан, келесі жылға негізгі, 1-2 жылда халық игілігіне пайдалануға бергіземіз”.

Партия өкілдері Красная Поляна ауылында су тасқынынан зардап шеккендермен де кездесті. Мұнда 7 үйді көктемде су басқан. Отбасылардың 3- еуіне үй сатылып алынса, қалғандары жөнделген. Жалпы шет ауданында 60 үйге су кіріпті, оларға барлығы 50 млн теңгеден астам сомаға көмек көрсетілген.

Ақмарал МУСИНА, КРАСНАЯ ПОЛЯНА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

“Үй берді үкімет жағынан, қаржылай да, продукт болса да барлық жағынан көмек берілді негізі. Енді осындай бір проблема бар деп айта алмаймын енді, Аллаға шүкір енді осы”.

Сондай- ақ Жезқазған тас жолындағы діңгектерден оптикалық талшықты жылдам интернет тарту жоспары бар. Олардың орындалу барысын партия бақылайтын болды.