Былтыр мамырда Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен Ербаян Мұхтар ауруханада 5 айдан бері ес-түссіз жатыр.Ата-анасына сарбаз дәретханада құлап, ауыр жарақат алды деп түсіндірген. Ал Ербаянның жақындары бұған сенбейді. Әділдік іздеп жүр.
Ербаянның анасы әскерге кеткенде ұлының денсаулығында мүлде кінарат болмағанын айтады. Оның дәретханада құлап, жарақаттанғанына сенбейді.
Гүлсім ҚАМИЕВА, САРБАЗДЫҢ АНАСЫ:
Осыдан 6 ай бұрын, 2023 жылы 4 желтоқсанда баламнан хабар келеді. Балаңыз ауруханада жатыр деп. Бірақ сенбедім баламның ауруханаға түскеніне. Өйткені ол бала кішкентай кезінен ауырып-сырқап ауруханаға түспеген.
Ауыр жарақаттан комаға түскен сарбаз 19 күннен соң көзін ашыпты. Дәрігерлер оны шамамен екі аптадан соң жай палатаға ауыстыра беруге болатынын айтыпты. Алайда, Ербаянды әскери госпитальға ауыстырған.
Инга ИМАНБАЕВА, АДВОКАТ:
Әскерилер рұқсатсыз баланы азаматтық емханадан, әскери емханаға ауыстырып, операция жасап, миының бір бөлігін алып тастайды. Не үшін? Неге? Ата-анасынан рұқсат алмайды.
Жігіттің жақындары оның денсаулығына алаңдап отыр. Әлі күнге дейін ол ес-түссіз жатыр.
Әлия ӘБЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жаңа ғана консилиум болып, консилиумның шешімі бойынша неврология бөліміне ауыстыруға келісім шығардық
Бұл жағдайға қатысты іс қозғалған. Бірақ, тоқтап тұр.
ҚР Ұлттық ұланының “Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі: Осы факті бойынша әскери полиция қызметі Қазақстан Республикасы ҚК 440-бабының 3-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша (әскери қызметшілер арасында бағыныстылық қатынастары болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу) қылмыстық істі тергеп-тексеруде. Қазіргі уақытта кешенді сараптама тағайындалуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері тоқтатылды.
Жас сарбаздың туыстары әділдік орнаса дейді. Кінәлілердің жазалануын талап етіп отыр.