Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қуғын-сүргін құрбандарына қатысты ашылмаған дерек көп», - тарихшы

31 мамыр - өткенді еске алып, опыну емес, тарихты толғап, түйсіну. Расымен, 20-50 жылдардағы қуғын-сүргін КСРО құрамындағы барлық республикаға қасірет әкелді. Бала анасынан, ана жарынан айырылды. Қиналған халыққа араша болып, шындық айтып шырылдаған зиялылар қуғын-сүргінге ұшырады. Миллиондаған адам «қызыл террордың» құрбаны болды. 

Қуғын-сүргін құрбандарына қатысты ашылмаған дерек көп. Тарихшылар осылай дейді. Осы мәселені шешу үшін осыдан үш жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, былтыр жұмысын қорытындылаған еді. Нәтижесінде 311 мың саяси құрбан ақталып, 72 томдық кітап оқырманға жол тартты.

Бүркітбай АЯҒАН, МЕМЛЕКЕТ ТАРИХЫ ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тек қана Қазақстанның өзінде кем дегенде 1,5-2 миллион халық отырған. Ол екі топқа бөлінеді. Жартысы қазақстандықтар болса, жартысы Ресейден, Кавказдан, Украина, тіпті, шетел бар ғой Германия, Польша, Австрия, Францияға дейін күйбен тартқандар болған.

Қазақ елі тағдыры талауға түскен талай халыққа пана болды. КСРО-ның түкпір-түкпірінен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған түрлі халық туған жерінен тамыры ажырап, Қазақстанға күштеп жер аударылды. Бір жағынан, кеңестік жүйенің теперішін көргендер қазақ жерінен сая тапса, екінші жағынан, олардың көбі жергілікті жерге сіңісіп, жаңадан тамыр жайды.Тікен еккен жерден гүл шықты.

Еркін ӘБІЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Тарих ол өткен замандағы әңгіме емес. Біздің болашағымыз жөніндегі әңгіме. Себебі тарихи сана ұлттық сананың негізі болып саналады. 31 мамырда тек қана құрбандарды еске алмай, тек қана жаназасын оқып, ата-анасын құрметтемей, осыны ойлауымыз керек. Қалай қоғам өзгеру керек болашақта осындай жағдай болмас үшін? Ол үшін, ең алдымен, біздің қоғамдық сана өзгеруі керек.

Өткен заманның жазықсыз құрбандарының арасында халқымыздың біртуар перзенттері аз емес. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары болды.Енді тарихи әділеттілік оларды ақтап қана қоймай, ұлт үшін ұлы істер тындырған тұлғалардың еңбегін еске алып, келешек ұрпаққа жеткізуі тиіс.