Ақтөбеде жасөспірімдер арасында төбелес болды. Үш адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оқиға 2 маусым күні Ақтөбе облысының Алға ауданында болды. Полиция сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.
"Күдікті ұсталып, қамауға алынды. "Бұзақылық" фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Үш бала медициналық мекемеге жеткізілді", - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Ақтөбе облыстық білім басқармасындағылар төбелес кезінде жарақат алған жасөспірім 9-сынып бітірген оқушы екенін растады.
"Тергеу жүріп жатыр, әзір біз де анық-қанығын білмейміз. Жарақат алған оқушы биыл 9-сынып бітіріп жатыр", - дейді облыстық білім басқармасы баспасөз хатшысы.
Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері төбелестен кейін ауруханада бір адам ем алып жатқанын айтты. Айтуларынша, алған пышақ жарақаты терең емес.
"15 жастағы тұрғын Алға аудандық ауруханасына жеткізілді. Хирургия бөлімінде ем алып жатыр. Реаниматолог, хирург дәрігерлер қарап шықты. Науқастың басына, ішкі құрылысына тексеру жасалды. Жарақаты тігілді. Ота жасауды қажет етпейді. Жағдайы тұрақты", - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.
Құзырлы органдағылар тергеу құпиялығына байланысты басқа ақпарат жариялауға жатпайтынын айтты.