Алматыда мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті

Алматыда мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті

Алматыда да «Батыр» Президенттік полкінің әскерилері салтанатты түрде ту көтерді. Әнұранды жұрт жаппай шырқап, елдігіміздің нышандары дәріптелді. 

Патриоттық іс-шара "Медеу" биік таулы спорт кешенінде өтті. Биіктігі 40 метр болатын бағанға ені 7, ұзындығы 14 метрлік көкбайрақ көтерілді. Салтанатты іс-шараға мәдениет, спорт және қоғам қайраткерлерімен қатар Қазақстан халқы ассамблеясы мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Бейбіт ҚҰСАЙЫНОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Енді әр, кез келген елді тудан таниды ғой. Сондықтан біз үшін бұл іс - шара, бұл мереке өте үлкен, өте маңызды деп ойлаймын.

Мемлекетіміздің мерейін асыратын мереке күні іс - шараға барлығы 1000-нан аса адам қатысты. Оның ішінде әлемде ел намысын қорғап жүрген спортшы, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин де бар.

Дмитрий БАЛАНДИН, ЖҮЗУДЕН ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ:

Барша қазақстандықтарды Рәміздер күнімен құттықтаймын. Әрбір азаматтың жүрегінде патриоттық сезімдерін қалыптастыруда мемлекеттік рәміздердің маңызы зор. Біздің мемлекеттік рәміздеріміз өте ерекше, әрі әдемі. Елтаңба, Ту мен Гимн – еліміздің тарихынан сыр шертетін, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер, тәуелсіз мемлекеттің басты символдары.

Бағдарлама соңы мерекелік концертке ұласты. Жастар рәміздер күнімен бір-бірін құттықтап, керемет көңіл күймен тарқасты.