Русский Сайттың толық нұсқасы

Онлайн-казино қызметін ұйымдастырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Енді онлайн-казино қызметін ұйымдастырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Кімде-кім ескертуді елемей, жұмысын жалғастыра берсе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мүлкі тәркіленіп, айыппұл арқалайды. Мәжіліс депутаттары құмар ойынға қатысты заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Жаңа нормаға сәйкес мемлекеттік және әскери қызметкерлерге бәс тігуге қатаң тыйым салынған. Толығырақ Аружан Задабек айтады.

Әлихан 20 жасынан бастап құмар ойынға әуес. Қызығушылығының кесірінен қарызға басқан. Қазір лудомандарды емдейтін жеке клиникада ем қабылдап жүр.

Әлихан, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Негізі мен де бірінші рет емес, бесінші реабилитация. Төрт реабилитация под давлением, өздері әкелді әке-шешем. Осы жолы мен өзім келдім. Өзім кінәлі деп есептеп жүргенмін. Ата-аналарым маған ақша төлеп реабилитацияға, қалай мен срывқа кеттім деп.

Депутаттардың дәл осы заң жобасын қайта-қайта талқылап, қаузауының себебі – осы. Әлихан секілді жастарды қасіреттен сақтау. Көбі құмар ойынның жетегіне жарнамаға алданып ереді. Енді сол букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салынады. Лотерея билеттеріне қатысты да арнайы ереже бар. Бұдан былай оны тек агенттік арқылы таратуға рұқсат.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл ең көп талқыланған заң жобасы болды. Оның көтеріліп, заң жобасы ретінде әзірленіп, үздіксіз талқыланып келе жатқанының өзіне 2 жылдың жүзі толды. Үкіметтің қорытындысын алудың өзіне 1,5 жылдай уақыт кетті. Қоғамдық диалог алаңдарында да, Парламент қабырғасында да кеңінен талқыланды. Бұл осы мәселенің аса өзекті екендігін көрсетеді. Бұған Мемлекет басшысының өзі бірнеше рет арнайы тоқталып, оны ауыздықтау жөнінде нақты тапсырма берді.

Елімізде әрбір бесінші жас лудоман десек, ресми түрде есепке алынғаны -9. Қазір республикалық психикалық денсаулық орталығында құмар ойынға тәуелді 13 адам ем алуда.

Есенқожа РАХЫМЖАН, ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Лудоманиядан толық емделіп шығу әбден мүмкін. Бұл адамның ынта-жігеріне байланысты. Арнайы орталықта науқас орташа есеппен 8 ай ем алады. 5 ай әлеуметтік ортаға шықпай, психолог, аддиктологтардың кеңесін алу маңызды. Сондай-ақ науқастың ата-анасы мен жақындары да терапиядан өтуі қажет.

Қазір кәмелетке толмаған 200 мыңнан астам адам тұрақты түрде құмар ойын ойнаған. Бұл жасөспірімдер энергетикалық сусындарды ішіп отырып, бәс тігуі мүмкін. Сол үшін енді 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатылмайды.