Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана қаласында маса мен шіркей қаптады

Астанада маса маусымы басталды. Күн жылынған бойда зиянды қанаттылар қаптады. Жұрттың мазасын қашырған маса мен шіркейді әлсін-әлсін улағанымен азаяр емес. Қазір әлеуметтік желіде астаналықтар шағымдарын айтып, әкімдіктен зиянкестерді улау жұмыстарын талап етуде. 

Жаз басталысымен елордалықтар көшеге шығудан қалады. Демалыс орындарында емін-еркін қыдыру мүмкін емес. Маса мен шіркей ызыңы тұрғындардың мазасын ап барады.

- Астанада биыл маса шіркей көп себебі жаңбыр көп! Соны улайтын мекеме неге тып-тыныш отыр екен? Үйдің көлеңкелеу ық жағы Есілдің бойы набережка дейміз маса шіркейге тұнып тұр! Әсіресе мына Рыскелді қажы мешіті жақ!
- Тұран және Барыс Арена жақ тіпті қорқынышты. Көшеде жүру мүмкін емес.
- Түнде қонған масалар таңертең дәл сол жерде тұрады.
- Үйлер батпақтың үстіне салынған. Айналасы көлдер мен қамыс болғандықтан не күтуге болады. Әрине маса көп болады.

Қалада көлдің көп болуынан масаның да жаудай болуы заңдылық дейді мамандар. Оның бір аналығы 200-300 мыңға дейін дернәсіл шығарады. Сондай-ақ ол ылғалды ауа райында бірнеше жылға дейін сақталады екен. Сондай-ақ шөп пен жарыққа да үймелейді, дейді мамандар.

Ануарбек СИБАТАЕВ,  БИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Қандай маса болсын, шыбын-шіркей болсын свет жаққан соң, сол светке көп ұшып келеді. Сол жағынан оны да айтуға болады. Көбелек болсын түнде жарық жағып қойса, оған ұшып келеді.

Қазір елордада маса мен шіркейге қарсы улау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 10 бригада, яғни 100-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Үндістандық және ресейлік екі препарат қолдануда.

Азамат ЖАНАТАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Ең бастысы су қоймаларынан бастаймыз. Яғни дернәсілдерді зерттеу жұмыстары басталады. Одан кейін ашық стацияларға шығамыз. Ашық стациялар дегеніміз қала бойынша парктар, скверлер және массивтар. Өңдеу жұмыстары бүкіл Астана қаласын қамтиды.

Тұрғындардың дегбірін қашырған зиянкестерге қарсы улау жұмыстары 20-сәуірде басталған. Қазан айының ортасына дейін жалғасады.