Русский Сайттың толық нұсқасы

"Масс-медиа туралы" Заң Президенттің қол қоюына жолданды

Енді журналистті кез-келген уақытта дайындаған материалы үшін сотқа бере алмайды. Талап қою мерзімі бір жылға белгіленді. Бүгін сенат "Масс-медиа" туралы заңды мақұлдады. 

Жаңа заңға сәйкес, енді мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына да отандық контентті дамыту үшін гранттар беріледі. Бұдан өзге, осы «Масс-медиа» туралы заңнан «баспасөз картасы» мүлдем алынып тасталды. Себебі, бұл талап журналистерді алалайды, ақпаратты барлығына тең бермейді деп дау туғызған болатын. Енді, «баспасөз картасы» мүлдем болмайды. Құжатта теле, радиобағдарламалардағы мемлекеттік тілге де басымдық берілген.

Айгүл ҚАПБАРОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Мемлекеттік тілдегі теле, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін 50% - дан 60% - ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту белгіленді.+ Отандық теле, радиоарналардағы шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясын 20% - дан 10% - ға дейін азайту% белгіленді.

Құжат масс-медиа саласындағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруді көздейді. Негізгі заң арқылы масс-медиа қызметінің мақсаттары, қағидаттары мен міндеттері бекітілген. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев заң - барлық мүдделі тараптың пікірін ескеретін сапалы жаңа құқықтық модель қалыптастырады деп сенім білдірді.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Заңда БАҚ қызметін ұйымдастыру шарттары, журналистердің кепілдіктері, олардың азаматтармен және ұйымдармен өзара қарым-қатынасының негіздері де реттелді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту мақсатымен отандық контентті дамытуға арналған ережелер де қарастырылған. Балалар мен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қосымша қорғауға арналған нормалар да бар.

Айта кетейік, жаңа заңда БАҚ сауалын қарау мерзімі 7 жұмыс күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Ал «Бұқаралық ақпарат құралдары» сөзі «Масс-медиа» сөзіне ауыстырылды. Енді журналистерді «МАСС-МЕДИА» өкілдері деп атайды.