Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда толассыз жауған қардан жолдар жабылды

  • AstanaTV
  • 15 ақпан 2017
  • 2503

Жамбыл облысында тынымсыз жауған қар аймақ тұрғындарын абдыратып тастады. Күйік асуындағы күре жолда көлік кептелісі орын алып, жүздеген көлік жолда қалған. Бір тәуліктен бері айдалада қаңтарылған көліктердің жүргізушілері мен жолаушылар әбден тоңып шаршаған. Әзірге, жанармай жеткілікті. Бірақ, тұра берсек, таусылуы мүмкін деп абыржиды. Жол тазалау жұмысына жұмылған мамандар төпелеп жауған қарды тазартып үлгермей жатыр. Олар биік асудың басына жету үшін көліктерді бульдозермен сүйреп шығарудан басқа амал қалмағанын айтады. Төтеншеліктер қар құрсауында қалған 3 адамды құтқарып, тағы 1 жолаушыға медициналық көмек көрсеткен.

Сағитжан Дабылханов, көлік жүргізушісі:


КамАЗ көлігімен Ақтөбеден келе жатырмыз. Өзіміз қанша тырбансақ та, мына биікке шыға алмаймыз. Жолға жақсылап құм, тұз төсеуге болады ғой. Аса қауіпті аумаққа тазалаушы техникаларды алдын-ала әкеп қойса қайтеді? Ескерту СМС-терін алған жоқпыз мүлде.

Аида Құдайқұл Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметінің маманы:

Автокөліктердің барлық түріне қозғалыс тоқталды. Тек тұрып қалған «Тойота» маркалы автокөліктегі 3 адамнан басқа адам болған жоқ онда. «ҚазАвтоЖол» мекемесі солар тұзды да, құмды да сеуіп, міндетті түрде тазалап, себеледі ғой. Қардың қатты жауғанына байланысты тазалап үлгермей жатты.