Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО-да үш адамның өліміне қатысты іс алқабилер сотында қаралып жатыр

  • AstanaTV
  • 08 маусым 2024
  • 1881

СҚО-да үш адамның өліміне қатысты іс алқабилер сотында қаралып жатыр, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Солтүстік Қазақстанда 3 адамның өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Айыпталушы 25 жастағы Александр Канищев өз інісін, азаматтық некедегі әйелі мен оның қызын өлтіріп, артынша үйін өртеп жіберді деген күдікке ілініп отыр. 

Марқұмдардың мәйіті былтыр қыркүйекте жеке үйдің аумағынан табылған. Сараптама қортындысына сәйкес, мамандар 3 адамның да өрттен қайтыс болғанын жоққа шығарды.

Александр Канищев – сол бір қаралы түні өрттен аман шыққан жалғыз адам. Сотталушы оқиға болған күні әйелі мен балаларды қызыл жалыннан алып шықпақ болғанын алға тартып отыр. Алайда айыптау қортындысы мен сараптаманың нәтижесіне сәйкес, ол сүйіктісі мен оның қызын және інісін азаптап, тұншықтырып, өртеп жіберген көрінеді. Бірақ айыпталушы әлі күнге дейін кінәсін мойындамады.

– Мен ұйықтап жатқанда үйде балалар болған, әйелім тамақ дайындап жатты. Мүмкін асығып, темекісін сөндірмеген болар. Өрт тұтанғанда өз өмірім үшін емес, олардың өмірі үшін көбірек уайымдадым. Біз онымен ұзақ уақыт бірге тұруды жоспарлап едік, – деді сотталушы Александр Канищев.

Ал өртеніп кеткен баспана айыпталушының анасының үйі болып шықты. Александр азаматтық некедегі әйелі және оның бір жасар қызымен жатақханада тұрған.

– Олар менің үйімде болды. Себебі кіші ұлым Савелийге қарайтын. Савелий одан басқа ешкіммен қалмайтын. Ол тек Алина және Сашамен отырғанды қалайтын. Ол оған ағасы әрі әкесі сияқты болды, – деді сотталушының анасы Оксана Шарая.

Сараптама нәтижесіне сәйкес, бірінші 1 жастағы қыз көз жұмуы мүмкін. Бүлдіршіннен бас сүйектерінің сынуы мен ауыр бас ми жарақаты анықталды. Тексеріс 21 жастағы әйел өрт пен көмірқышқыл газынан уланғанын көрсетті. Сараптама сотталушының 4 жасар інісі де өртке дейін көз жұмған деген қорытынды шығарды.

– Қатты есеңгіреп, не істерімді де білмей қалдым. Бастапқы нұсқасында олар өрттен уланып қайтыс болды деген, ақпаратты қабылдай бастағанымызда, балам мен немеремді өлтірді дегенді естіп, есім шығып отыр, – деді марқұм А. Котяштың анасы Надежда Котяш.

Жантүршігерлік оқиғаның алдында Александрдың достарымен бірге жатақханада ішімдік ішкені белгілі болды. Тіпті шуға наразы болып, тыныштықты талап еткен көршілерімен де жанжалға түскен. 

Айта кетейік, дүйім жұртты дүр сілкіндірген іс алқабилер сотында қаралып жатыр. Егер қазылар сотталушыны бірауыздан кінәлі деп тапса, айыпталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.