Русский Сайттың толық нұсқасы

Өңірлерде 6 университеттік клиника, 14 аурухана, 11 перинаталдық және 3 ұлттық орталық салынады

  • AstanaTV
  • 11 маусым 2024
  • 442

Еліміздің өңірлерінде 6 университеттік клиника, 14 аурухана, 11 перинаталдық және 3 ұлттық орталық салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.

«Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі денсаулық сақтау нысандары құрылысын кезең-кезеңімен жүргізуді көздейді. Бұл ретте 11 440 төсек орынды құрайтын 34 негізгі жоба қарастырылған. Өңірлер заманауи көп бейінді ауруханалармен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 6 университеттік клиника, 14 аурухана, 11 перинаталдық және 3 ұлттық орталық бар. Бұдан басқа денсаулық сақтау ныснадарын күрделі жөндеу және жабдықтау жұмыстары жалғастырылуда. Екінші кезең 2 500 медициналық нысанын қайта жаңғырту, жөндеу және жаңадан құрылыс салу арқылы жүзеге асырылады», - деді ол.

Министрдің айтуынша, тұжырымдаманы іске асыру барысында балалар төсек-орындарының тапшылығын жою шаралары пысықталады. Атап айтқанда 200 төсек орынды Балалар онкология және гематология орталығының, 200 төсек-орынды Балалар хирургиясы орталығының, Астана қаласындағы Ұлттық шұғыл медициналық үйлестіру орталығы жанынан 200 төсек-орындық балалар корпусының құрылысы басталады.

«Алматы қаласында Ұлттық инновациялық хирургия орталығының құрылысы қажет. Аталған шаралар халыққа жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін және республикалық ғылыми-зерттеу институттарының және ұлттық орталықтардың жұмысын күшейтеді», - деді Ақмарал Әлназарова.

Айта кетерлігі, тұжырымдаманы іске асыру барысында мына нәтижелерге қол жеткізу жоспарланған:

- денсаулық сақтау нысандарының тозу дәрежесін төмендету (2023 жылы - 49,3%);

- типтік емес үлгідегі нысандардың үлесін 25 пайызға азайту (2023 жылы - 52,2%);

- денсаулық сақтау нысандарының жабдықталуын 88-90 пайызға ұлғайту және нормативтерге сәйкес білікті медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету.