Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдық "Ақжайық" футбол клубы жабылып қалуы мүмкін

Оралда жарты ғасырлық тарихы бар "Ақжайық" футбол клубы жабылып қалуы мүмкін. Бүгін клуб басшылары қаржылай қолдау болмаса, банкроттықтың ауылы алыс емес екенін мәлімдеді. Бұған дейін кәсіпқой футболшылар мен балалар футболын дамыту үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард 100 миллион теңге жыл сайын бөлініп келген. Соңғы жылдары бұл сома 400 миллион теңгеге дейін қысқартылыпты. Енді клуб бұл ақшадан да қағылып отыр. Осының салдарынан ойынымыз сүреңсіз болып, жеңілістен көз ашпадық, деп күйінеді бапкерлер. Белшеден қарызға батқан клубтың стадионы да жоқ. Әкімдік сенімгерлік басқаруға берілген бұл нысанды халықаралық стандартқа сай емес деп қайтарып алыпты. Жағдай өзгермесе, облыс намысын қорғап жүрген, 52 жылдық тарихы бар клубтың құрдымға кетуі мүмкін, дейді басшылары. 

Гүлдария КАУИЕВА, “АҚЖАЙЫҚ” ФК ПРЕЗИДЕНТІ:

4 жылдың ішінде 800 миллион өзімнің қалтамнан салынды. 20 шақты тренеріміз қысқарды, 400 баламыз қысқарып қалды былтырғыдан биылға. Тренерлеріміз бар, футболшыларымыз бар, бес ай күтіп, қазір маған мүмкіндік беріп... Ол деген футболға деген қызығушылықтары өздерінің.

Ал спорт саласына жауапты шенеуніктер биыл клубқа көк тиын бөлінбейтінін кесіп айтты. Өңір футболын дамытуға арналған конкурс биыл екі рет ойнатылған. Бірақ "Ақжайықтың" өкілдері салғырттық танытыпты. 

Жеңіс НЫҒМЕТУЛЛИН, БҚО СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазір бюджеттік әкімшілердің шығыстары қайта қаралуда. 400 млн тг бөлінбейді. Ендігі жылы тағы да 400 млн теңгені жоспарлап отырмыз. Футболға бөлуге. Яғни, біз болдық, футбол осымен бітті деген әңгіме жоқ.