Русский Сайттың толық нұсқасы

Жыл басынан бері 800-ден астам велосипед ұрлығы болды

Жыл басынан бері 800-ден астам велосипед ұрлығы тіркелді. Статистикаға сүйенсек, қос дөңгелекті көлік көпқабатты үйдің кіреберісінен жиі ұрланады. Бұзақылар бейнебақылау камераларын да елемейтін көрінеді. 

Айдана ҚАЙРАТ, ТІЛШІ:

Қазір мен қаладағы көпқабатты үй аулаларының біріндемін. Көріп тұрғандарыңыздай мұнда бірнеше велосипед қаз-қатар тізіліп тұр. Мен біреуін алып аула ішінде тебетін боламын. Иесі велосипед жоғын байқап оны іздеп артымнан келер ме екен?

Мен аулада 20 минут бойы велосипед тептім. Алайда оның иесін таба алмадық. Қасыма келіп ешкім қызығушылық білдіріп сұрамады. Көріп тұрғандарыңыздай тапа тал түстің өзінде ауладан ұрлап кету оңай.

14 жастағы Әділдің де құны 100 мың теңгелік велосипедін тұрғын үй кіре берісінен ұрлап кеткен. Абырой болғанда, велосипед табылыпты. Әйтсе де айтарлықтай зақым келген

Әділ ҚАЛА, ТҰРҒЫНЫ:

Камерадан қараған кезде өзіміздің көршіміз, сол велосипедті ұрлап кеткен болған. Велосипедті полицияға барып айтпайынша таба алмадық. Оны тапқан кезде ол велосипед сынған. Сондықтан подъездге қою менің ойымша қауіпті. Дворға қоймақ түгілі подъездге қоюға қорқамын негізі. Сол жағдайдан кейін велосипедті көп айдап жүрген жоқпын.

Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша елордада 98 ұрлық тіркеліп, оның 85 ашылған. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ұрлық көбінде аула мен демалыс орындарында да жиі болады. Ал оны қолды қылатындардың көбі - 20 мен 30 жас арасындағылар.

Айгерім ДӘРКЕМБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Велосипед ұрлығы анықталған жағдайда қылмыскерге қатысты ҚР-ның қылмыстық кодексінің 188 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіледі.Барлық жағдайда қылмыскерлер дұрыс бекітілмеген және қараусыз қалған велосипедтерді қолды етеді

Ұрылар велосипедті таңдамайтын тәрізді. Өйткені қолды болғандарының ішінде кәдімгі көшеде жүргендері, арзан-қымбаты, спорттық түрлері де бар.