Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде қаланың қақ ортасында бір түнде қылқан жапырақты теректерді түбірімен шауып тастаған

Ақтөбеде қаланың қақ ортасында бір түнде қылқан жапырақты теректерді түбірімен шауып тастаған. Тұрғындар өздері күн сайын саясын көлеңкелеп, немерелерін ойнатып жүрген алаңқайдың бір мезетте жоқ болғанына наразы. Айтуларынша, бұл жерді сауда алаңын салуға дайындап жатқан көрінеді. Жауаптылар не дейді? Тілшіміз тарқатады.

Бұл жерде кеше ғана жайқалып, шырша, қарағай өсіп тұрған. Қалаға сән беріп жайқалған теректерді жақын маңда тұратын тұрғындар көлеңкелеп, саясында серуендейтін. Бір түнде құрылыс компаниясы отыз шақты қылқан жапырақты теректі отап тастапты.

Айгүл ШЫРЫМБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мына жерде ели, сосна болды. Әдемі жақсы талдар болды. Сұмдық жағдай басшылық, әкімдік қайда қарап отыр. Таңертең келсек. Уже дым да жоқ. Мына жердің барлығын қопарып тастаған.

Анаргүл АЮПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

До слез обидно! Өте өкінішті жағдай. Бұл жерді әдемі сквер немесе аллея қылып қалдыру керек еді. Шағын демалыс саябағы болса да болар еді. Қайдағы құрылыс бұл жерде. Ғимараттар жақын орналасқан. Оның үстіне бізден ешкім рұқсат алмады.

Жауаптылар бұл жердің 2013 жылы жеке меншікке берілгенін айтады. Биыл сәуір айында кәсіпкер әкімдіктен құрылысқа рұқсат алған екен.

Сұлтан АМАНШИН, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ол жер -жеке меншіктікі. Ол жерге меншік иесі сауда алаңын салуды жоспарлаған. Бірақ біздер рұқсат берген кезде қоғамдық тыңдау өткізу деген талап қойдық. Бірақ жердің иесі қоғамдық тыңдау өткізбеген. Сонымен қатар Ақтөбе сәулет және құрылыс бөлімі сол құрылыс компаниясын ағаш кескені үшін сотқа беретін болады.

Енді құрылыс компаниясы әрбір кесілген тал үшін он ағаш егуі тиіс. Ал оның қай аймақта егілетінін әкімдік анықтайды.