Русский Сайттың толық нұсқасы

«Корея – еліміздің сенімді әрі стратегиялық серіктесі», - Президент

Елімізге Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль алғаш рет мемлекеттік сапармен келді. Корея – сенімді әрі стратегиялық серіктес. Қос мемлекеттің достық қарым-қатынасы тереңнен тамыр тартады. Тараптар байланысты әрі қарай арттыруға ниетті. Былтырға дейін осы елден тартылған инвестиция көлемі 9,6 миллиард долларға жетті. Ал тауар айналымы 6 миллиард доллардан асқан. Қазір Қазақстанда корей капиталы бар 700-ден аса компания жұмыс істейді. 

«Ақорда» резиденциясында мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльді салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Қос тарап бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі мемлекеттің әнұраны шырқалды.

Биыл екі елдің стратегиялық байланысына 15 жыл. Юн Сок Ёль Қазақстанға осы мерейтой қарсаңында келген. Қазір Корея сыртқы сауда айналымы бойынша төртінші орынға жайғасқан. Ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл – ортақ күш-жігердің жемісі. Ауқымды экономикалық жобаларды іске асырдық. Инвестициялық ықпалдастық жылдан-жылға нығайып келеді. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз қарқынды дамып жатыр. Қазақстандағы корей диаспорасы бұл үдерісте маңызды рөл атқарады. Оны екі халықтың арасын жалғап отырған алтын көпір деуге болады.

Қазақстан мен Корея 30 жылдың ішінде жоғары деңгейде саяси диалогқа қол жеткізді. Экономикалық ынтымақтастықты арттырды. Парламентаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде байналыс орнатты. Қазір елде тұратын 120 мың этникалық корей ұлтының өкілі екі ел арасындағы қатынасты нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді.

Юн Сок ЁЛЬ, КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Корея Республикасы өзінің басты стратегиялық серіктесі – Қазақстанмен бірге жарқын және кемел келешекке қатар қадам басуға ниетті. Қазақстан Президентімен келіссөздер барысында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған уақыттан бері қарқынды дамып келе жатқан екі ел арасындағы ықпалдастық мәселелерін кеңінен талқыладық. Сонымен қатар Қазақстан мен Кореяның стратегиялық серіктестігінің тиімділігін арттыра түсуге уағдаластық.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел басшысы Бірлескен мәлімдеме жасады. Қос тараптың ресми делегация мүшелері бірнеше маңызды құжатқа қол қойды. Енді еліміздегі корейлік Bank Finance Kazakhstan екінші деңгейлі банкке айналады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жаңа құжат арқылы инвестициялар қауіпсіздігін бақылаудың тәртібі реттелмек. Елімізде корейлік BNK Finance Kazakhstan микро-қаржы ұйымы бар. Мен оны екінші деңгейдегі банкке айналдыру туралы шешімді қолдаймын.

Енді қазақстандықтар Кореяда 30 күнге дейін визасыз жүре алады. Таяу арада Астана – Сеул бағытында тікелей рейс ашылады. Әуе рейстерінің ұлғаюы елдер арасындағы байланысты нығайта түсетіні сөзсіз.