Русский Сайттың толық нұсқасы

Тайландтан пошта арқылы үш қорап есірткі келген

  • AstanaTV
  • 13 маусым 2024
  • 1686

ҚМА Тайландтан есірткіні пошта арқылы жөнелту әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қаржылық мониторинг агенттігі "Әуежай-Астана" кеден бекеті мен «DHL» курьерлік компаниясының қызметкерлерімен бірлесіп Тайландтан халық тұтынатын тауарлары түріндегі пошта сәлемдемелері арқылы аса ірі мөлшерде есірткі заттарын жеткізу фактісін тоқтатты.

ҚМА Астана қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері қызметтік иттің көмегімен «DHL» уақытша сақтау қоймасын тексеру кезінде кедендік бақылау аймағында халықаралық пошта жөнелтімдерінен 3 қорап табылды. Олардың ішінде жалпы салмағы 3,5 кг каннабис сығындысы (гашиш майы) табылды. Жедел-тергеу іс-шаралары барысында төрт күдікті анықталды, олардың тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізілді. Онда салмағы 787 гр марихуана және есірткі заттарын өлшеп-орау үшін қажетті басқа да заттар табылып, тәркіленді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 4 күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды, - ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.

ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.