«Таза Қазақстан» республикалық акциясы Президенттің тапсырмасымен сәуірде басталған. Содан бері 2,5 миллионнан астам ағаш егілді. 300-ге жуық өзен-көлдің жағасы тазартылды. Тұрғындардың экологиялық мәдениеті артып, қоршаған ортаға деген көзқарас өзгерді. Жобаның өзге де жетістіктері туралы Аружан Задабек айтады.
Президенттің тапсырмасымен 8 сәуір мен 13 мамыр аралығында «Таза Қазақстан» акциясы өтті. Қазір бұл шара жалпыұлттық сипатқа ие болған. Межелі уақыт біткенімен, тазалыққа атсалысамын дегендердің жұмысы тоқтамады. Еріктілердің қатары көбеймесе, азайған жоқ. Әсіресе жастардың ынтасы жоғары.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Әйтпесе, бәрін бүлдіріп алып, кейіннен кешірім сұрайды. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет.
Қазақ артыңда мал қалғанша, тал қалсын деп текке айтпаған. Табиғатпен біте қайнасқан халқымыздың осы бір дәстүрі берекелі бастамаға ұласты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та экологиялық акцияға атсалысты. Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге сенбілікке келген еріктілер бас-аяғы 430 түп көшет екті.Туған жерді түлетіп, оны көркейтуге үлес қосу әркімнің парызы екенін айтқан Президент, шараның тәлімдік мәніне тоқталып, оның мемлекеттік маңызы бар іс екенін айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек.
Қоршаған ортаның жай-күйіне бәріміз жауаптымыз. Мұны естен шығаруға болмайды. Экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатты аялау - міндет. Мұны Президент әр маңызды отырыста қозғап, халықтың есіне салып жүр. Мәселен сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 33-сессиясында бұл – бірреттік іс-шара емес екенін айтты. Ортақ іске әркім үлес қосса, еліміз көркейе түседі, - деді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз қалалар мен ауылдарды абаттандыруымыз қажет. Әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар әкімдердің де, жұртшылықтың да назарынан тыс қалмауға тиіс. Саламатты әрі жайлы орта қалыптастырамыз десек, азаматтар барынша белсенділік танытуы керек. Қоғам мүлкіне залал келтіретін адамдарды заңмен жауапқа тартамыз.
Мемлекет басшысы Алматыда ғалымдармен кездескенде де осы мәселеге тоқталған. Жиында Президент «Таза Қазақстан» акциясы жай науқан емес, бұл – халқымыздың көзқарасын, болмысын өзгерте алатын өте маңызды жоба» деді. Қасым-Жомарт Тоқаев акцияның қалай жүріп жатқанын қадағалап отырғанын айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мұны, ең алдымен, әкімдерден талап етемін. Бәрін әкімге жүктеп, қарап отыруға да болмайды. Жаз маусымы басталды, енді ішкі туризм жандана түседі. Демалуға шыққан әр азамат табиғатқа жанашырлықпен қарауға тиіс. Тазалықтың басты кепілі – айналаны ластамау. Бұл – баршаға ортақ міндет.
Иә, табиғатты аялауға бағытталған шара жалғаса береді. Бір апта, бір ай, бір жыл емес. Өмір бойы... «Таза Қазақстан» сенен, менен, бізден басталады.