Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада биыл елдімекендерді санитарлық көліктермен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешіледі

Қызылордада биыл елдімекендерді санитарлық автокөліктермен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешіледі. Өткен жылы 513 млн теңгеге 25 санитарлық автокөлік алынған. Биыл оның қатары тағы 200-ге толығады. Медицина қызметкерінің кәсіби мерекесі қарсаңында алғашқы 50 көліктің кілті табысталды. Сондай-ақ, үздік сала мамандары марапат төрінен көрінді. 

Аймақта медициналық жедел жәрдем стансасы 100 процент арнайы жабдықталған көлікпен қамтамасыз етілетін. Алайда медицина ұйымдарындағы санитарлық көліктердің 68 проценті ескі. Бұл мәселе биыл түбегейлі шешілмек. Ақ халаттылардың кәсіби мерекесі қарсаңында көліктердің алғашқы легі табысталды.

Олжас ЫСҚАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырады деген сөз. Бұл санитарлық көліктер негізнен емханаларымызға беріледі. Яғни үй жағдайындағы дәрігерлеріміздің барып қызмет етуіне, ауылдық жердегі дәрігерлік амбулаторияларымызға беріледі.

Биыл салада ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 нысан салынып жатыр. Сонымен қатар, жақын күндері облыстық Қан орталығы ашылмақ. «Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін қажетті шараларды жасаймыз» деді облыс әкімі.

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Өңірімізде аурулар көрсеткішінің төмендеп, жылдан жылға оң динамиканың қалыптасуы халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегінің нәтижесі. Бұнымен тоқтап қалмай ауылдық жердегі медициналық қызмет сапасын, әлеуетін көтеруге бар күш-жігерімізді жұмсаудамыз.

Кәсіби мереке қарсаңында сала ардагерлері мен бірқатар қызметкерлері марапат төрінен көрінді.

Мерекелік кеш одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты.