Русский Сайттың толық нұсқасы

Судьялардың жауапкершілігі күшейеді

Елімізде судьялар жаппай жұмыстан кетіп жатыр. Қазір 350 маманның орны бос тұр. Үш жылдан бері қызметкерсіз отырған мекемелер бар. Әсіресе, тапшылық ауылда сезіледі. Судьялардың шалғайға барғысы жоқ. Енді оларға талап тіпті күшеймек. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі» туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Депутаттардың бастамасымен әзірленген құжат Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмасын іске асыруға бағытталған. 

Судья бір айда орта есеппен 150-ге жуық қылмыстық, әкімшілік істі қарайды. Кейде демалыс, мейрам дегенді ұмытып жұмыс істейді. Қазылардың жаппай қызметтен кетуіне осы да себеп болса керек. Қазір Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық сотында судьяның орны 3 жылдан бері бос тұр. Онда барып, жұмыс істегісі келетіндер жоқ.

Денис ШИПП, ҚР ЖОҒАРЫ СОТ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазір республика бойынша судьялар үшін 350-ден аса бос жұмыс орны бар. Біздің ойымызша, заңға түзетулер енгізілгеннен кейін судья қызметіне келем дегендердің саны ұлғаяды. Маман тапшылығы мәселесі шешіледі.

Судьялар, әсіресе, ауылда жетіспейді. Біраз орын біраздан бері бос тұр. Бізде қазыларға деген іріктеу қатал дейін десек, олай емес. Қазір тек үш-ақ шарт бар. Үміткер 30 жастан асқан, жоғары білімі бар, еңбек өтілі 5 жыл, істі болмаған болса болды. Қалғанына көз жұма қарайды.

Нұрлан БЕКНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Шалғай аудандарға бармауы әлеуметтік пакеттің аздығынан емес. Ол тұрмыстық жағдайға байланысты. Тұрғын үймен қамтамасыз етілмеуі. Қазіргі біз талқылаған нормада біз соларды сотты анықтап, ұсыныс беретін кеңесінің құқығын сәл кеңейтіп отырмсыз.

Мәселе ақшаға келіп тіреледі дейін десек, қазір елдегі судьялардың жалақысы 700-800 мың теңге шамасында. Еңбек өтіліне қарай көбейе береді. Аз қаржы емес. Бірақ тұрғындар тарапынан осыған қатысты шағым көп. «Өз ісін дұрыс орындамайтын қызметкерлерге тым көп ақы» дейді. Көбінің ойында «сот әділ өтпейді» деген пікір қалыптасқан. Неге?

Назгүл РАХМЕТУЛЛИНА, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Қандай да бір сөз, біреуден естіп алған әңгіме дұрыс емес. Егер маған нақты бір істі айтып, шешімімен келіспеймін десеңіз, мен толық жауап беруге дайынмын. Мен 20 жылдық еңбек өтілі бар маман ретінде айтайын. Соттан кейін келіп әділдігіне алғыс айтатын адамдар көп.

Енді қазыларға деген талап күшейеді. Яғни, сот жюриінің жұмысы жетілдіріледі. Сот жюриі – істі қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзған фактіні анықтайтын тұлға. Оның судьяның қызметін қадағалауға толық құқығы бар.

Нұрсерік ШӘРІПОВ, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫ АЗАМАТТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Заңды өзгертуге ұсынып жатырмыз. Депутаттардан қолдау тапты бірінші оқылымда. Нені көздеп отырмыз? Әр өрескел қателік сот жюриінде қаралуы керек. Міндетті түрде. Облвствқ пленарлық отырыстары ұсыныс ретінде өз қорытындысын береді. Сол кезде әр факт қаралады сот жюриінде. Қазіргі қолданыстағы заңда олай емес.

Сот жюриінің құрамын 9-дан 15-ке дейін ұлғайту көзделіп отыр. Яғни, 13 судья, кеңесші дауыс беру құқығы бар 2 заңгер болады. Барлық өзгеріс Парламент палаталарының бірлескен отырысында талқыланды. Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды.