Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда алғаш рет ана құрсағындағы ұрыққа операция жасалды

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2024
  • 1516

Қазақстанда алғаш рет ана құрсағындағы ұрыққа операция жасалды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында Қазақстан мен Ресейдің жетекші мамандарының қатысуымен Қазақстандағы алғашқы құрсақішілік патологияны түзету бойынша практикалық мастер-класс өтті.

Феталдық медицина (ұрық хирургиясы) – бұл ананың құрсағындағы ұрық пациент болып табылатын жоғары мамандандырылған медицина саласы. Ұрық хирургиясы аз инвазивті ем-шаралар арқылы ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын түзетуге және емдеуге мүмкіндік беретін инновациялық технологияларға негізделген. Жобаны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі AYALA қайырымдылық қорының қолдауымен іске асырып жатыр.

"Денсаулық сақтау министрлігі туғаннан бастап балалардың мүгедектігін төмендету жөніндегі басымдықты міндет деп санайды. Дүние жүзіндегі феталдық хирургия бұл үшін ең маңызды құралдардың бірі болып саналады. Біз 30 жылдың ішінде феталдық операциялар практикасында жинақталған әлемдік тәжірибені талдадық. Бұл білімнің барлығы Қазақстанда алғаш рет әзірленген феталдық хирургия бағдарламасының негізін қалады", - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Қазақстанда феталдық хирургияны іске қосуға дайындықты Денсаулық сақтау министрлігі екі жыл бойы жүргізген. Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының (Алматы) және UMC (Астана) дәрігерлерінің бригадалары Қазақстанда және шетелде теориялық және практикалық даярлықтан өтті.

"Біз жыл сайын құрсақішілік ақауларды түзету бойынша 150-ге жуық операция жасауды жоспарлап отырмыз. Феталдық хирургия жобасы біздің орталықты дамытудың және еліміздің аналары мен балаларына медициналық көмектің сапасын жақсартудың жаңа кезеңі болады", - деді Алматы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнара Нұрланова.

Қазіргі уақытта аз инвазивті эндоскопиялық (фетоскопиялық) операциялар ашық хирургияны алмастыруда, өйткені олар ана мен ұрықтың денесі үшін қауіпсіз.