Русский Сайттың толық нұсқасы

Сайлауалды науқан барысы

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2016
  • 2047

Енді өзіміздегі сайлауалды науқан туралы Мөлдір Бақытқызы.

Нұр отандықтар үгіт-насихатты Таразда жалғастырды. Заң бойынша бірде-бір  партияның электоратқа сыйлық жасауға құқы жоқ.  Десе де қыз-келіншектер  назардан тыс қалған жоқ. Әйелдер қауымына ілтипат танытқан нұр отандықтар меркелік парақшалар тарту етті.

Бақытжан Ертаев, «Нұр Отан» партиясының  Республикалық сайлауалды штабының жетекшісі:

Нұр Отан партиясының атынан әрине оның төріндегі біздің Нұрсұлтан Әбішұлының атынан апайларды ақ жаулық, қарындастарды осы келе жатқан наурыз мейрамымен құттықтаймыз. Кең байтақ жеріміз тұтас болсын. Көп ұлтты еліміз тату болсын.

 «Ақ жол» партиясы ресми сайтында идеялар жәрмеңкесі акциясын жариялады. Кәсіпкерлік саласында қандай да бір стартап бастамасы бар адам, 1 айға дейін ұсыныс беруіне болады. Таңдалған жобалар іске асуы үшін, қаржылай көмек беретін демеушілер тауып береді.

Нұрлан Жазылбеков, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы республикалық сайлауалды штабының мүшесі, кандидат:

Дүниежүзілік тәжірибе бар, үлкен жобалардың бәрі осындай стартаптардан басталады. Отырған идея, сол бір идеяның бәрін зерттеп, соны ертең сол жастарға көмектесіп, жүзеге асыруға сол үшін біздің бірінші мақсатымыз.

«Ауылдықтар» «Алматы өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Онда өздерінің «Ауыл дәстүрін жаңғыртамыз!» атты сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Партия кәсіпкерлікті дамыту үшін салықтық ынталандыру жүйесін енгізуді зерттеумен айналыспақ. Оған қоса кәсіпорындар мен шикізат өндірушілер арасындағы байланысты нығайтуды жоспарлайды.

Төлеген Сыдықов, «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары:

Қазір дейді біз импорт, шетелден алып жатқан жағдайымыз бар дейді. Бірақ та соның барлығын өзімізде өндірсек , жергілікті жерде өндірсе онда бағасы да төмен болар еді дейді. Оны біз әрине жазып алдық, есте болады.

Коммунистер Көкшетаудағы облыстық аурухана ұжымымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Халық коммунистері атынан депутаттыққа үміткер Владислав Косарев коммунистік тәрбиені дәріптеп, батыс «құндылықтарының» кемшілігін сөз етті.

Владислав Косарев, ҚКХП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚР парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:

Қазақстан Коммунистері медицина қызметкерлерінің еңбегін қашан да жоғары бағалайды. Және халық денсауылығын сақтауда дәрігерлердің алатын орны ерекше екенін  айтамыз. Ұлт саулығына әрине, салауатты өмір салтын насихаттау да тікелей септігін тигізеді. Осы екі ұстаным біздің бағдарламамыздан орын алған.

ЖСДП –ң белсенділері Тобыл өңіріне табан тіреді. Қазіргі шикізатты экономикадан қайыр жоқ. Мұнай мен металдың құны жылда-жылға құлдырап барады. Сондықтан аграрлық секторды дамыту қажет дейді. Бірақ жерді жекеменшікке беруге қарсы.  Ауылшаруашылығын дамыту үшін бірінші кезекте кооперация жұмысын жолға қою керек. Тобыл өңірі сияқты астықты өлкеде бұл аса маңызды, деп есептейді.

Сергей Богатырев, ЖСДП Қостанай облыстық филиалының төрағасы:

Негізінде сайлаушылармен жұмыс енді қызды. Кеше Қарасу ауданында болдық. Ол жақта да жұртшылықпен кездесу өткізіп, үгіт парақшаларын тараттық. Бүгін Жітіқара ауданының өкілдеріне тиісті материалдарды беріп жібереміз. Келесі аптада шалғайдағы басқа да аудандардан адамдарды күтеміз.

Ал «Бірлік» партиясы Астанада отбасылық құндылықтарды дәріптеді. «Ақ тілек» акциясы аясында бүгін отау тіккен жас жұбайларға партия  төрағасы Серік Сұлтанғали ақ батасын берді. 

Серік Сұлтанғали, «Бірлік» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:

Қазақстанымыздың болашағы жастардың қолында. Тек қана біздің партия емес бүкіл Үкімет бастаған саясатының барлығы жастарға ертең белгілі азаматтар болып өсуіне, барлық мүмкіндіктер жасап жатыр.

Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттығына Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған 9 кандидатты тіркеді. Олардың 7 –еуі ер адам, екеуі әйел. Кандидаттар арасында үш дипломды инженер, 1 дәрігер, 1 заңгер, 1 оқытушы, тағы үшеуі – басқа мамандық иелері.

Бақыт Мелдешев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Сессияның жұмысына Ассамблея мүшелерінің кемінде 3/2 сі қатысса заңды болып есептеледі. Оған қатысып отырған Ассамблея мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берсе, онда қабылдаған болып есептеледі.

Ал, сарапшылар депутаттықтан дәмелілер қатары бұдан бес жыл бұрынғы көрсетікішпен салыстырғанда 15 пайызға артқанын айтады.

Сайын Бөрібасов, саясаттанушы:

«Түркістан қаласының 18-сайлау округінде бір орынға қалалық мәслихаттың депутттағына 11 адам түсіп жатқан көрінеді. Бұның өзі үлкен белсенділіктің белгісі.

Сайын Бөрібасовтың айтуынша 6 бірдей саяси партияға тең мүмкіндік берілген. Бір ай ішінде үгіт-насихат ретінде 13900 материал жарияланған. Онда әр партияның үлесі бірдей.

Мөлдір Бақытқызы, «Біздің уақыт».