Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің жеке істерін жүргізу үшін қажетті құжаттар тізбесі толығуы мүмкін. Оның ішінде туыстарының ЖСН нөмірі және бұрынғы жұмыс орындарының БСН кіреді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2021 жылғы 10 қыркүйектегі "мемлекеттік қызметті өткерудің кейбір мәселелері туралы" 158 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Жарлықтың жобасы Ашық НҚА сайтында жарияланған.
Мемлекеттік қызметшілердің жеке істерін жүргізу үшін тізбеге:
-қызметші еңбек қызметін жүзеге асырған ұйымдардың бизнес-сәйкестендіру нөмірлері туралы деректер;
-туыстарының жеке сәйкестендіру нөмірлері туралы деректер;
-жеке істі қалыптастыру немесе жаңарту кезінде жарамды Qazaq resmi test/Qaztest және (немесе) шет тілін меңгеру деңгейі туралы сертификаттар (бар болса);
-кәсіби қызметпен байланысты жеке жетістіктер туралы деректер;
-қызметшінің ғылым, мәдениет, өнер және спорт саласындағы әлеуметтік-қоғамдық қызметі мен қабілеттері туралы деректер.
Жарлықтың жобасында бұл деректердің барлығы тек "Е-қызмет" ақпараттық жүйесінде оларды қағаз түрінде сақтамай жүргізілетіні атап өтіледі.
Жобаны әзірлеуге Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 2024 жылғы 24 сәуірдегі "Е-қызмет" ақпараттық жүйесінің базасында республикалық кадр резервін қалыптастыру туралы тапсырмасы негіз болған.
Құжат 28 маусымға дейін қоғамдық талқылауда болады.