Аптап ыстықта ауыз сусыз қалды. Түркістан облысындағы Леңгір қаласының халқы соңғы екі аптадан бері тіршілік нәріне жарымай отыр. Ішер суды сатып алуға мәжбүр. Қаланың 30 процентінде су жоқ.
Төлеби ауданындағы Леңгір қаласының тұрғындары құдайдың қара суына жарымай отырғандарын айтады. Соңғы бір айдан бері жиі тоқтап қалатын су соңғы екі аптадан бері мүлдем ақпай қалған.
Қырықбай АХМЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Ана жақтан мына жақтан өзіміз су тасып ішеміз. Мына жерде бұлақ бар Леңгірде, сол бұлақтан алып келеміз.
Дәл қазір Леңгірдегі 34 мың халықтың 30 проценті сусыз отыр. Әсіресе үйлері ауданның биіктеу тұсына салынғандар мен көпқабатты үйде тұратындар қатты әбіржулі.
Күмісбек КЕНЖЕБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мына суды ішіп жатырмыз. Апта сайын ауырып, сенбесеңіздер айтыңыдар, аптасына скорый екі-үш мәрте келеді. Балалар кишечный ауру боп жатыр.Осы судан боп жатыр.
Әкімдік өкілінің айтуынша, аудан орталығына су тарататын орындардың бірінде насос істен шыққан. Бірнеше рет алмастырғанмен күйіп кетіп жатыр дейді.
Серғазы ҚАЛДЫБАЕВ, ТӨЛЕБИ АУДАНДЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Екі насос тұрақты түрде жұмыс жасап жатыр. 300 текше метр су Леңгір қаласына беріп жатыр. Бізде хауызымызда 3 мыңдай куб су жиналады. Соған тұрақты түрде су құйып жатыр, бірақ жеткіліксіз болғандықтан біз резервный тағы да қосымша бір насос қойып жатырмыз. Ол насосты қойғаннан кейін мына резервуар хауызды толтырып алғаннан кейін қалаға жібереміз.
Атқамінерлер негізінен биік жерде орналасқан үйлерге су жетпеуі түсінікті жағдай екенін айтады. Ауданда жаздың күні суға сұраныстың артуынан да су тапшылығы болып жатқанын жасырмайды. Биліктегілер бұл мәселе бүгін ертең шешіледі деп сендіріп отыр.