Русский Сайттың толық нұсқасы

Шомылу маусымында патрульдер саны көбейіп, субұрқақтар қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2024
  • 1772

Жыл сайын су айдындарында суға кеткендердің үштен бірі – балалар, деп жазады inbusiness.kz.

"Өткен аптаның өзінде елордада өзенді жүзіп өтемін деп, жасөспірім қаза тапты. Қызылордада Балаларды қорғау күнінде бірден екі бала суға кеткен. Түркістан облысында суару каналында екі бала көз жұмды. Каспий теңізінде қараусыз қалған екі жасар бала суға батып кетті", — деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов, өңірлердегі осындай оқиғалардың алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап өтіп, жазатайым оқиғалар туралы мәліметтер келтірді.

"Жүргізілетін патрульдеу санын көбейту қажет. Полиция және төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері балалардың су айдындарының маңында ересектердің қарауынсыз жүру фактілерінің жолын кесу керек", - деп атап өтті Премьер-Министр.

Сонымен қатар жаңа қауіпсіз шомылу орындарын құру бойынша жұмысты жандандыру қажет. Үкімет басшысы бұл мәселеге ерекше назар аударуды Қызылорда, Жетісу, сондай-ақ демалыс орындарының саны 10-нан аспайтын Абай және Ұлытау облыстарының әкімдіктеріне тапсырды. Биыл ел бойынша суға түсуге арналған 708 орын белгіленген.

Үкімет басшысы суару каналдарының, арықтар мен қалалық субұрқақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды

Шомылу маусымына жағдай жасау жөніндегі профилактикалық іс-шаралар шеңберінде өңірлік биліктің назары субұрқақтар мен суару арналарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аударылуға тиіс. Кәмелетке толмағандардың арықтарға құлап кетуі немесе тыйым салынған жерлерде, оның ішінде субұрқақтарда шомылуына байланысты жазатайым оқиғалар жыл сайын тіркеледі.

"Өткен жылы Павлодар облысында субұрқақта шомылып жүрген баланы электр тогы соқты. Әрине, субұрқақта шомылуға тыйым салынған. Бұл туралы санитариялық дәрігерлер үнемі ескертіп келеді. Бұған қарамастан, балалар субұрқаққа шомылуға барады. Мұны Астанада, Алматыда, басқа қалаларда да байқауға болады. Барлық әкімдіктер субұрқақтардың қауіпсіз жұмысын тексеріп, сондай-ақ бақылауды күшейтіп, балалардың шомылуына жол бермеуі тиіс", - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Инженерлік құрылыстарға қатысты Үкімет басшысы әкімдіктерге қоршаулар орнату арқылы каналдар мен арықтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.