Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтау–Сумгаит бағытында суасты талшықты-оптикалық желі салу жоспарланған

  • AstanaTV
  • 19 маусым 2024
  • 2315

Каспий теңізінің түбіне оптика төсеу үшін 1 100 тонна кабель қажет. Бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.

Оның айтуынша, Каспий теңізінің түбіне оптика төсеу жобасы бойынша теңіз арқылы Ақтау–Сумгаит бағытында суасты талшықты-оптикалық желіні салу жоспарланған. Оның ұзындығы шамамен 370 шақырым болады. Нақты ұзындығы теңізде жобалау-іздестіру нәтижесінде анықталады. Кем дегенде 32 оптикалық талшық салу көзделген. Желінің максималды өткізу қабілеті — секундына 400 терабитке дейін.

«Суасты талшықты-оптикалық желінің мақсаты: Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін интернетке қатынаудың жаңа бағыты; Қытай-Еуропа, Орталық Азия-Еуропа, Қазақстан-Еуропа халықаралық транзитіне арналған маршрут. Жобада кабельдің 2 түрін пайдаланамыз: қосарлы брондалған кабель (DA — Double Armoured); бір рет брондалған кабель (SA — Single Armoured). Кабельді Қытайдағы зауыттан Каспий теңізіне жеткізудің 2 бағытын қарастырдық. Бірінші бағыт: Қытай-Түркия-Қара теңіз-Еділ-Дон каналы-Ақтау. Бұл бағытқа шамамен 98 күн қажет. Екінші бағыт: Қытай-Еуропа-Ресей-Еділ өзені-Ақтау. Бұл бағытқа шамамен 100 күн керек», — деді Бағдат Мусин.

Қазақтелеком басшысы кабельді Қытайдағы зауыттан Каспий теңізіне автожолдар арқылы жеткізуге де мүмкіндік бар екенін айтады.

«Ол үшін арнайы трал керек. Кабельдің жалпы салмағы шамамен 1 100 тонна, оны 4 корзинаға бөлу қажет. Әрбір корзинаның салмағы шамамен 230-295 тонна. Сондықтан барлығы 4 бөлек трал керек болады. Корзинаның өлшемдері: ені — 5-6 метр, ұзындығы — 14 метр, биіктігі — 4 метр. Рұқсат құжаттарын алуды санағанда автожол арқылы жеткізу шамамен 150 күнді алады. ҚазАвтоЖол және ҚазЖолҒЗИ мекемелерімен дайындық жұмыстарын бастадық. Автожол арқылы жеткізу үшін арнайы рұқсат алу қажет болады», — деді ол.