Русский Сайттың толық нұсқасы

Экстремизм қаупі, адасқандар...

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2016
  • 2052

Еліміздің Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев келтірген есеп бойынша қазіргі уақытта Сирия мен Иракта 200 қазақстандық соғысып жүр. Әйел, бала-шағасымен кеткендер де бар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті халықаралық терроршы топтар құрамында соғысқан қазақстандық азаматтарға қатысты 205 қылмыстық іс қозғаған.

Біздің Батыс Қазақстан облысындағы тілшіміз Еркін Карин «экстремизм» бабы бойынша сотталған 3 азаматпен сұхбаттасты. Үшеуі де замандастарын эмоциядан, қызбалықтан арылып, сабырлы болуға шақырды. Ілім - білімді «білімді» сияқтыдан емес, білім маржанын тере алғаннан  алу керек,- деді. Айтқандарының бастысы – ата-ана қадірін түсіну. Олар сотталғасын барып ұғып, бармақтарын шайнап отыр.

Ал соғысып жүргендер бірінші кезекте ми майданының құрбандары. Қасиетсіз соғысқа неге барады, әйтпесе. Олардың әке-шешелерін де уайым-қайғыға салып, жер қылып кеткендерін түсінбейтіндері рухани әлемнің жұтағанына нұсқайды. Құласаң денең де табылмайтын шыңырау-құздар көбейген... 

Жат жерге жиһадқа кеткен ұлынан тірідей айрылған ата-аналар өздерінің ауыр тағдыры өзгелерге сабақ болар деп үміттенеді. Олар осы тілегін жұма намазына ұйыған жамағатқа арнайды. Жастар радикалды дін өкілдерінің шырмауына түспеуі үшін басынан өткен жағдайды айтып, шерін тарқатады.

Үлы Сирияда қаза тапқан ана (телефонға түсірілген):

Баламнан тірідей айрылдым, енді қалған аналардың мен сияқты шерменде болғанын қаламаймын.

Ал мына жігіттер «ақиқатты іздейміз» дегендерімен ақиқатты табатын жолға түспей, шоқ басты. Енді түрмеде. Тар қапаста ойлануға уақыт жетеді. Қазір желігі басылып, сабасына түскен, тәубесіне келген.

Нұржан Букушев, жазасын өтеуші:

Балақ кесіп, сақал өсіріп жүрдік, мен тәкфірлік бағытын ұстандым. Өзімдікін өзім ұстап жүрдім. Бірақ ешкімнен менікі дұрыс па, қате ме, оны сұраған жоқпын. Біреу айтса, нәпсімізге жеңдіріп, оны теріске шығарып тастаймыз да, қате деп санайтын едік. Отырасың, өкінесің осылай түрмеге түскеннен кейін. Сосын барып ой толғағынан өткізесің, әке-шешеңнің қадірін түсінесің. Ата ана қадірін түсінесің...

Әлішер Қарақбай, жазасын өтеуші:

Бәріміз біліп туатын болсақ, мұның осылай болатынын білсем, түрмеге түспеудің амалын іздейтін едім қателеспеуге. Енді осылай болып қалғаннан кейін өкінетін ештемесі жоқ. Бұл да бір сабақ болып жатыр ғой. Одан да жаман нәрсе болуы мүмкін еді. Біз елде емес, отбасымыздан басқа жаққа кетіп қалсақ, ол бұдан да қиын нәрсе. Тынышы, 7-8 ай отырып, бірдеме түсінгеніміз дұрыс болған екен.

Бұл жігіттер Қазақстанда тыйым салынған ДАИШ терроршылар тобына қосылған оралдықтарды қаржыландырды деген күдікпен  ұсталыпты.  Ұстазсымақтары «қиналған мұсылмандарды құтқарамыз» деген жалған идеямен желіктіріп, қолға қару алуға үндеген. Жігіттер оңбай адасқандарын түрмеде ғана түсінді. Тек іштен шыққан перзентін жамандыққа қимайтын ана жүрегі ғана.

Орал қаласының тұрғыны (беті бүркеулі) ұлы Сирияға кеткен ана:

Енді мұндай болмасын, ондай жолға түспесін. Сақалдылардан аулақ жүрсін...болды...

Жақында Сауд Арабиясында ұсталған бес отандасымыздың екеуі – Оралдан болып шықты. Солардың бірі – «Халил» деген лақап атпен танымал Абдухалил Абдужаббаров есімді жалған уағызшы. Батыс Қазақстандағы ваххабиттік-такфірлік идеологияның негізін қалаған ол, аңғал жамағатты өзіне ұйытып алғасын, Сауд Арабиясына қашыпты, кейін Қазақстанда қалған жамағатын радикалдық идеологияға бұрған. Халилдің айтағына еріп, Египетке аттанған жастардың кейбірі халықаралық террористік ұйымдардың қатарына қосылып үлгірген. Мәселен, Нұржан Ерғарин 2013-жылы жарылғыш зат тиелген автокөлікпен Пәкістандағы әскери базада жарылыс жасады. Ал Оралда теракт жасауға бекінген «Халилдің» қалған ізбасарлары қамауға алыныпты. Ендігі мақсат – соқыр сенімге ергендердің көзін ашу, - дейді Батыс Қазақстан облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Жарас Аханов.

Жарас Аханов,  БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры:

Арабтарда мұны «татароф» дейді. Ақпаратты бір көзден алу. Әрін бір көзден алып, мына жақтағы қоғамды қабылдамау. Алдындағы көзқарастан тіке алу, соны дұрыс деп табу. Сол дұрыс деп тапқан нәрсесімен өмір сүру, сонымен жүріп-тұру. Қазіргі кезде дін мәселелерін зерттеу орталығы тарапынан бұлармен жұмыстар жүргізілуде. Бұл манағы қатып қалған бір көзді кеңейту жұмыстары. Және мына жақта қоғам бар, сенен басқа халық бар. Кеңін азамат жан-жақты ізденгеннен кейін түрлі көзқарастары қалыптасқаннан кейін ол оңалтылады...

Бүгінге дейін Сирияға соғысқа кеткен оралдықтардың нақты саны белгісіз. Өйткені, құзырлы органдар бұл ақпаратты құпия ұстап отыр. Дін мәселелерін зерттеу орталығы басшысының пікірінше, тура жолдан таюға отбасындағы тәрбиенің дұрыс жолға қойылмауы себеп. 

Жарас Аханов,  БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры:

Жалған жиһадқа ұрынған, діни экстремистік көзқарасы бойынша сотталған азаматтардың, бізге орталыққа көмекке жүгінген азаматтардың 99 пайызы дұрыс тәрбие алмаған. 31 пайызы әкесіз өскен, 59 пайызы ажырасқан, яғни әкенің тәрбиесін көрмеген.

Теріс ағымның жетегіне еріп, сорлағандардың 33 пайызы ауыл азаматтары, қалғандары - қала тұрғындары. Қаладағының қолы ұзын, керек уағызын интернеттен де қарай салады. Ал ауылдағы ағайын діни сауатын қалаға келіп арттырады. Онда да «мысықтілеулілердің» арбауына түсіп қалмаса. Былтырдан бері теріс жолға түскен 461 азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың 71-і райынан қайтқан. Адасқандарды көндіру оңай емес, өйткені, санасы 180 градусқа өзгерген олар, ана дүниедегі хор қыздарымен қауышқанша асық. Мәселен, 400-ге тарта теріс діни ағымды ұстанушылардың 300-ден астамы тіпті орта мектепті аяқтамаған. Мектептен алмаған білімді көшедегі дінбұзарлардан іздеген олардың теріс жолға түсуі түсінікті нәрсе.

Мұратбек Қыстаубаев, БҚО мешітінің наиб имамы:

Пайғамбарымыз айтқан: «Ахыретте менің үмбеттеріме шапағатым болады», - деп. Ал енді бұлар оның барлығын жоққа шығарып, өздерінің сенімін алға ұстап, халықты тонауға, өздерінің арам ойларын іске асыруға үндейді.

Облыста экстремизмді қаржыландырды деген күдікпен 4 адам сотталған. Діни насихат жүргізгені үшін 3 адам сотталса, діни алауыздықты өршіткені үшін 3 азамат істі болыпты. Басқа мемлекеттердегі қарулы қақтығыстарға қатыспақ болған 6 адам ұсталыпты. Олардың барлығы да Оралдан, жастары 30-ға да толмапты.

Алмас Оңаев, БҚО прокуратурасының бөлім басшысы:

Әрбір тұлға сотталғанда оның ар жағында ата-аналары қалады. Жора-жолдастары, бала шағасы келеді. Солармен біздер теолог мамандармен, психологтармен, жергілікті атқарушы органдармен біріге отырып, әлеуметтік жағдайына көмектесуге заң аясында көмектесеміз.

Мамандар қай жерде де аз топтың өзара ауызбіршілікте болатынын айтады. Өзара қамқорлық, әрі қиын сәтте бір-бірін демеп жүретін ауызбіршілік осы ортаның сақталып, дамуына ықпал етеді. Бұл ортада жүргендер бағытының теріс екендігін аңғарса да, идеялас «бауырларын» тастап кетуге қимайды немесе ұялады. Тіпті өзін сатқын сезінуі де мүмкін. Ал мұның ақыры немен тынатыны мәлім.

Асылжан,  жазасын өтеуші:

Бауырларға айтарым, бірінші асықпай, тез шешім қабылдамай, бірінші біліми алып,  білім иелерінен сұрастырып, эмоцияға берілмеуі керек қой. Отырып шықтық. Үйдегі әке-шешенің, семьяның қадірін түсіндік.

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің уақыт».