Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысында қоқыс полигонын жоймаған 30 әкімге айыппұл салынған

  • AstanaTV
  • 22 маусым 2024
  • 2246

Атырау облысында қоқыс полигонын жоймаған 30 әкімге айыппұл салынған.

Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Мансұр Ошурбаевтың айтуына қарағанда, Атырау қаласындағы күкіртті сутектің негізгі көзі кәріздік тазарту қондырғылары, «Тухлая балка» мен «Квадрат» булану алаңы болып отыр.

«Атырау облысындағы атмосфералық ауаның жай-күйін жақсарту мақсатында Жол картасы бекітіліп, оған 45 іс-шара енгізілді. Бұл – өңірдегі экология проблемаларын кешенді шешуге бағытталған іс-шара. Аталған жол картасы аясында «Тухлая балка» мен «Квадрат» булану алаңдарын қалпына келтіру жүргізіліп жатыр. Атырау қаласының сол жағалауында кәріздік тазарту қондырғысының құрылысы аяқталды. Қала аумағында атмосфералық ауаға тарайтын шығарындылардың барлық көзіне түгендеу жұмысы жүргізілді», -деді Мансұр Ошурбаев.

Оның айтуына қарағанда, аймақтағы тағы бір елеулі мәселелердің бірі – рұқсат етілмеген қоқыс орындары.

«Былтыр рұқсатсыз қоқыс төгілген 100 орын анықталды. Сондай орындардың 95 пайызы жойылды. Полигондарды жоюды нашар жүргізген әр деңгейдегі 30 әкім әкімшілік жауапқа тартылып, жалпы сомасы 882,4 мың теңге айыппұл салынды», -деді Мансұр Ошурбаев.