Русский Сайттың толық нұсқасы

Баспанаңызды сақтандырдыңыз ба?

Астана, Алматы қалаларында жеке мүлкін сақтандыратындар көбейген. Оған себеп елімізде табиғи апаттардың жиі болуы дейді сарапшылар. Ал басқа аймақтарда баспанасын сақтандыратындар 1 пайызға да жетпейді. Азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін қалай жетілдіруге болады? Дамыған мемлекеттерде бұл қалай жүзеге асуда? Тілшіміз әңгімелейді. 

Өркен МЫРЗАБЕК, ТІЛШІ:

Еліміздегі болған табиғи апаттан 10 мыңнан астам үй су астында қалды. Бұл жағдай жұртты сарсаңға салғаны белгілі. Алайда бұл өтпелі кезең халыққа баспананы сақтандыру қажет екендігін ұқтырса керек. Мәселен алғашқы екі айда мүлікті сақтандыру шарттары 77,3% ға өскен. Сақтандырылған үйлер саны бойынша Астана көш басында: 50,4%. Екінші орында Алматы қаласы : 14,85%.

 Алдағы уақытта табиғи апат кезінде шығын азаматтардың мүлкі сақтандырылса ғана өтелуі мүмкін. Үкімет «Қазақстанда апатты оқиғалардан міндетті сақтандыруды» енгізу туралы шешім қабылдады. Заң жобасын Қаржы нарығын реттеу агенттігі әзірлейді. Бұны Премьер-Министр Олжас Бектенов сенаторлардың депутаттық сауалына берген жауабында айтты.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Агенттік апатты оқиғалардан сақтандыру моделін бекітеді. Апатты оқиғалардан сақтандыруды енгізу бойынша заңнамалық түзетулерді, нормативтік құқықтық базаны дайындайды.

Қазақстанның 75 пайызы дауыл, көшкін, сел, су тасқыны, жер сілкінісі, орман өрті қаупі жоғары аймаққа жатады. Бірақ, тұрғындардың дені үйін не мүлкін сақтандыруға мән бере бермейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Негізі сақтандырмағанмын. Сақтандыру қажет. Бірақ мүлікті сақтандыру өте қымбат қазір.
- Иә үйімізді сақтандырғанбыз. Енді түрлі апаттар болып жатса үйге зақым келсе сол сақтандыру компаниясы арқылы төлеп алуға болады.
- Жоқ сақтандырған жоқпын. Ойыма да келген жоқ сақтандыру.

Халықтың 95 пайызы несие алар кезде ғана баспанасын сақтандыратын көрінеді. Ал өз еркімен баратындар саусақпен санарлық. Бұл проблеманы шешу үшін халықтың экономикалық сауатын ашу қажет дейді мамандар.

Шыңғыс АМИРЖАНОВ, САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сақтандыру мәдениетін көтеру үшін менің ойымша сақтандыру компания үш амал жасау қажет. Сақтандыру програмалары халыққа қолжетімді болуы қажет. Екіншіден сақтандыру компания халықтан сенім алуы қажет. Сенім алу үшін келісімге келуде жеңіл болады. Үшіншіден халықтың көбісі қандай сақтандыру бар екенін қалай жұмыс істейтінін білмейді мүлдем білмейді.

Адвокат Жандос Тұяқовтың пікірінше, мүлікті міндетті сақтандыруда бірінші халықтың әлеуметтік жағдайын ескеру қажет.

Жандос ТҰЯҚОВ, АДВОКАТ:

Менің ойымша міндетті сақтандыру қылатын кезде ең минималды жасау қажет. Ары қарай тағы да халықта Алтернатива болуы керек деп санаймын. Егер де 100 мыңнан аса сумма төлесе осыншама беріледі. Одан жоғары төлесе тағысын тағы.

Халықаралық тәжірибе бойынша табиғи және техногендік апат аймақтары бар елдерде арнайы сақтандыру қорлары, мемлекеттік бағдарламалар, міндетті сақтандыру жүйелері жұмыс істейді. Түркияда 1999 жылдан бері апаттық тәуекелдерден міндетті сақтандыру бағдарламасы – Түркияның апатты сақтандыру пулы қосылып, оның аясында мемлекеттік сақтандыру компаниясы құрылған. Сонымен қатар жылжымайтын мүліктің шамамен 50%-ы осы міндетті бағдарламамен қамтамасыз етілген. Ал Жапонияда 1966 жылы, яғни 58 жыл бұрын жер сілкінісін қайта сақтандыру бағдарламасы іске қосылған. Бағдарлама жылдан жылға жетілдіріліп келеді. Депутаттар елімізде тұрғын үйді міндетті сақтандыруды талқылау үшін мекемеаралық комиссия құруды ұсынып отыр.