Еліміз импортқа тәуелді. Қазір тұрғындарды 100 процент отандық өніммен қамту мүмкін болмай тұр. Қабырғаға бататыны да – осы. Ал, сырттан келген тауардың сапасы тым нашар. Әсіресе, сүт өнімдері теңгесіне татымайды. Шикізаттың шетелден көп келуіне саланың терең зерттелмеуі себеп, - дейді депутаттар. Салдарынан, кәсіпкерлер 800 миллион доллардан айырылып отыр. Толығырақ Аружан Задабектің материалы.
Сырттан келетін сапасыз тағам көбейіп кетті. Тұтынуға болмайтын тамақ түрінің 70 проценті - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге тиесілі. Мәселенің бары белгілі. Бірақ шетелден келетін өнімді алмай қоя алмаймыз. Өйткені елде ауылшаруашылығы өнімінің үлесі төмен. Былтыр ағарғанның импорты 400 млн доллор болып, 20 пайыздан асты. Ет те дәл солай, 408 млн долларға жеткен. Демек, біздің фермерлер бір жылда 800 млн долларды жоғалтты.
Серік ЕГІЗБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Терең өңдеудің үлесі әлі де төмен болып отыр. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің үлесі еліміздің барлық өнеркәсібі өнімдерін өндірудің жалпы көлемінің небәрі 6%-ына тең. Атап айтқанда, 2023 жылы сүтті өңдеу үлесі – 33%, етті өңдеу – 41%, жүнді өңдеу – 19%, ірі қара мал терісін өңдеу үлесі 6% болды.
Ауыл шаруашылығы министрі елдің импортқа тәуелді екенін мойындады. Халық қарапайым майдың өзін алғанда, сырттан келгенін таңдайды. Өйткені отандық өнімнің бағасы – келісіне 3100 теңге болса, шетелден келгені 1800 бен 2500 теңгенің шамасы.
Айдарбек САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
Әрине, бұл жерде техникалық регламенттерге байланысты. Тұтынушылар өнімнің құрамы мен сапасына аса мән бермейді. Мұндай бәсекелестік ішкі өндіріске кері әсерін тигізеді. Сапасы төмен өнімдер мәселесін шешу үшін жауапты мемлекеттік органдардың қолдауы қажет.
Депутат Аманжол Әлтайдың да қабырғасын қайыстырып жүрген - осы мәселе. Ол елде жылқы сүтін өңдейтін зауыт жоқ, - дейді. Көзге көрінетіні тек Қарағандыдағы «Саумал» кәсіпорыны. Ол жердің өзінде түйіткіл көп. Саумалды шетелге шығара алмай жүр. Министр бұл проблеманы шешетінін айтты. Енді жақын арада бие өнімі Қытайға жіберілуі мүмкін.
Аманжол ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Мынау XVIII ғасырда Ақтамберді деген атамыз “жылқыдан асқан мал бар ма, қымыздан асқан дәм бар ма” деп айтқан екен. Біз өкінішке қарай бүгінгі таңда төрт түліктің төресі жылқының бағасы доңыздан төмен, ал жылқының сүті ешқандай бағалаусыз, бағасыз болып бара жатыр. Біз бағасын біле білсек осы жылқы сүтінің өзін өндіріп, оны тереңдетіп өңдеу арқылы қазақ халқының ұлттық брендіне айналдыруға мүмкіндігіміз бар.
Импортты айттық, енді экспортқа ойысайық. Былтыр тамақ өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 3,9%-ға өсіп, 151 млрд теңгеге жетті. Ал мал шаруашылығы өнімі 187 млн доллардан асқан. Әрине, жаман көрсеткіш емес. Бірақ мұны екі есі көбейтуге болады.