Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда шаруаларға киіктерден келген шығын өтеле ме?

  • AstanaTV
  • 26 маусым 2024
  • 276

Ауыл шаруашылығы министрлігінде киіктерден келген шығынды есептеу әдістемесі және оны реттейтін ережелер де жоқ. Тиісінше қаржы министрлігіне шаруаларға өтемақы төлеу үшін ешқанда бюджеттік тапсырыс түспеген. Яғни заңнамалық өзгерістер енгізілмейінше, шаруаларға киіктерден келген залал өтелмейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар киіктердің шаруаларға келтірген шығыны өтеле ме деп сұрады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы қазір шаруаларды мазалайтын ең үлкен мәселенің бірі осы екенін мойындады. Айтуынша, мұны толық шешуде бірнеше күрделі мәселе бар.

«Біріншіден, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы министрлігінде шаруалардың киіктердің таптауынан келген шығынды есептеудің әдістемесі жоқ. Екіншіден, оны реттейтін қағдидаты да қарастырылмаған. Тиісті әдістемені әзірлеуге біздің министрліктің құзыреті жоқ. Жоғарыда аталған екі мәселе залалдарды өтеуге мүмкіндік бермейтінін ескертеміз», – деді ол.

Десе де ауыл шаруашылығы министрлігі вице-премьер Серік Жұманғариннің тапсырмасына сәйкес, алқаптары тапталған шаруалардың шығынын өтеудің сақтандыру тетіктерін әзірлеп жатыр.

«Салалық сарапшыларға тиісті тапсырма берілді. Сақтандыру тетіктерін әзірлейміз. Соның қорытындысы бойынша шаруалардың өз алқаптарын сақтандыруға мүмкіндігі болады», – деді Ермек Кенжеханұлы.

Ал қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков ауыл шаруашылығы министрлігі шаруаларға өтемақы төлеу үшін ақша сұрамағанын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінен қаржы министрлігіне тиісті бюджеттік тапсырыс келіп түскен жоқ. Себептерін әріптесім айтып өтті. Тиісті өзгерістер заңға енгізілген жағдайда біз қарастыруға дайынбыз», - деп мәлімдеді ол.