Маңғыстау облысында бөтеннің көлігінің әйнегіне тас лақтырып, сындырған баласы үшін анасына 374 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жауапкер Т-ның 7 жасар ұлы есік алдында тұрған автокөліктің алдыңғы терезесіне тас лақтырып, сындырғаны, жауапкерден шығынды төлеуді талап еткенінде оның төлемегені анықталды. Бұзақының бұл әрекеті үйдің қасындағы дүкеннің бейнекамерасына жазылып қалған.
"2023 жылдың 2 қарашасындағы №S451 бағалау туралы есепке сай, автокөлікке келтірілген материалдық шығынның құны 340 798 теңгені құрады. Сот шешімімен жауапкер Т-дан талап қоюшы С-ның пайдасына 374 298 теңге материалдық шығын өндірілді", делінген сот хабарламасында.