Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімі басталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Ең алдымен, баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені, ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады», - деді Президент.
Мемлекет басшысы қазір еліміз дамудың жаңа сатысына қадам басқанын айтты.
«Біз соңғы 5 жылдың ішінде ауқымды саяси реформаларды жүзеге асырдық. Қазақстанның саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Парламенттің ықпалы, Үкіметтің жауапкершілігі айтарлықтай артты. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік орныға түсті. Саяси партиялардың қоғамдық рөлі күшейді. Азаматтарымыз өз ой-пікірлерін ашық айтып, қоғамда белсенді болуына мүмкіндік беретін нақты тетіктер пайда болды. Сайлау жүйесін жетілдірдік. Ауыл, аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Бір сөзбен, саяси және қоғамдық мәдениет үлкен өзгеріске ұшырады. Ең маңызды бастаманың бірі – Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Осы шешімнің саяси мән-мағынасы ерекше, бұл – мемлекет басқару ісінде жаңа стандарт қалыптастыратын маңызды қадам. Реформалар, өзгерістер әлі де жалғаса береді. Ең бастысы, бұл өзгерістер – халықтың таңдауы. Сондықтан біз ешқашан кері қайтпаймыз, тек алға қарай жүреміз. Біз экономикалық дамудың нақты бағытын айқындадық. Бір сөзбен, озық ел болу үшін ауқымды жұмысты қолға алдық», - деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы БАҚ қызметкерлері тың бастамаларды жұртшылыққа жан-жақты түсіндіруге зор үлес қосып жүргенін атап өтті.
«Шын мәнінде, барлық реформаны өздеріңізбен бірге атқардық деуге болады. Бірақ өзгерістерді жүзеге асыру бір басқа, ал оны орнықтыру бір бөлек. Ол үшін қоғамдық сана түбегейлі жаңғыруға тиіс. Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жалпыға ортақ құндылықтар туралы айтқанымды білесіздер. Мұның бәрі ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін айрықша маңызды. Ашығын айтсақ, осы құндылықтарды қоғам санасына орнықтыру журналистерге тікелей байланысты. Ақпарат өкілдері болмаса, оны жұртқа жария ету мүмкін емес. Сондықтан журналистер қауымы осы маңызды жұмысқа зор жауапкершілікпен қарайды деп сенемін. Біз әрбір сөзімізді қоғамды түзеуге жұмсасақ, болашағымыз да баянды болары хақ. Мен Құрылтай отырысында елімізге қатер төндіретін бес кеселге тоқталдым. Тағы да қайталап айтқым келеді. Жұртты нашақорлық пен құмарпаздықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, вандализм мен ысырапшылдықтан қорғау – ортақ міндет. Мемлекет бұл бағытта нақты қадамдар жасап жатыр», - деп тоқталды Президент.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл болатын арнайы заң күшіне енгенін тілге тиек етті.
«Бұл – өте қажетті құжат. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – баршаңызға айқын. Еліміздегі әрбір шаңырақ қазақ отбасының үлгісіне айналуы керек. Әрине, қабылданған заң барлық қатерді бірден жойып жібермейді. Бұл – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Заң жазалау үшін емес, ең алдымен, құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін маңызды. Оған бүкіл қоғам болып атсалысу қажет. Осы жолда ақпарат өкілдерінің рөлі ерекше», - деді ол.
Мемлекет басшысы ең қауіпті әлеуметтік кеселдің бірі – лудомания екенін айтты. Құмар ойынға тәуелділік көптеген азаматты орға жығып, қарызға белшесінен батырғанын, отбасының шырқын бұзатынын, қылмысқа, суицидке итермелейтінін сөз етті.
«Интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады. Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылдадым. Былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысы өтті. Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Сонымен қатар тиісті заң жобасын тез арада қабылдау жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Ал бүгін Сенат лудоманияға қарсы заң жобасын қарайды. Егер мақұлданса, көп ұзатпай мен оған қол қоямын. Аталған Заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Орайлы сәтті пайдалана отырып, мәселеге бей-жай қарамай, заң жобасын жедел әрі сапалы әзірлегені үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс айтқым келеді», - деді Президент.
Президент ертең Парламенттің кезекті сессиясы аяқталғанын айтты. Депутаттар маңызды оқиғалардың бел ортасында жүргенін, сайлаушылармен тығыз жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті.
«Олар өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірталасқа ұйытқы болып отыр. Халыққа қажет заңдарды қабылдау жөнінде бастамалар көтеруде. Осы сессияның өзінде елдің дамуына тікелей ықпал ететін 100-ден астам заң қабылданды. Өздеріңізге мәлім, жуырда мен «Масс-медиа туралы» заңға қол қойдым. Өте маңызды құжат. Журналистердің мүддесі мен құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілген деп айтуға болады. Бұл құжат еліміздегі масс-медианың әлеуетін арттыра түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ ақпараттық дербестігімізді нығайтуға мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша жалпы, депутат пен журналист қызметі бірі-бірімен тығыз байланысып жатыр. Екеуі де ел мүддесін қорғайды. Халық сенімін арқалап, оған мүлтіксіз қызмет етеді. Қазір депутаттар корпусы мен масс-медиа өкілдері үйлесімді жұмыс істеп жүр.
«Журналистер қауымы ұлттық парламентаризмді дамытуға қашанда зор үлес қосып келеді. Қазіргі депутаттар құрамында ақпарат саласының өкілдері жеткілікті. Атап айтқанда, Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Сергей Пономарев, Жанарбек Әшімжан, Бибігүл Жексенбай, Айгүл Қапбарова секілді әріптестеріңіз көпшілікке белгілі. Ұлт мүддесін қорғап жүрген журналистердің Парламент төрінде отыруы – заңдылық. Айтпақшы, Президент Әкімшілігінде де әріптестеріңіз аз емес. Олар өз кәсіби ортасына қолдау білдіріп, бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдар арасында алтын көпір қызметін атқарады. Жаңа ақпараттық дәуірге қадам бастық. Осы орайда мемлекеттік басқару жүйесі сөз білетін, тиімді әрі жан-жақты қарым-қатынас орната алатын адамдарға зәру. Сондықтан өз мансабын мемлекеттік қызметпен байланыстырған немесе байланыстыруды жоспарлап жүрген әріптестеріңіз осы салада да өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады», - деп тоқталды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізді түбегейлі жаңғырту үшін заңнамалық өзгерістермен, кадрлық шешімдермен, саяси және экономикалық реформалармен ғана шектелу аздық ететінін ұдайы айтып келе жатқанын еске салды.
«Біз прогрессивті ұлт ретінде қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін жаңарту үшін көп тер төгуіміз керек. Бүгінде отандық журналистика мықты қоғамдық институтқа, нағыз төртінші билікке айналды. Бұл саланың осынау маңызды іске қосар үлесі зор. Журналистердің алдында тұрған міндеттердің ауқымы – өте кең. Елімізде «Таза Қазақстан» акциясын қолдаған шын мәніндегі халықтық қозғалыс өріс алды. Бұл кездейсоқ емес. Өкінішке қарай, табиғат аясындағы демалыс орындарында және елді мекендердің айналасында үйіліп жатқан қоқысты күн сайын көреміз. Бұл – жауапсыз адамдардың ісі. Қоғамдық орындарда қарапайым тазалық ережелері сақталмайды. Бұдан адамның тәрбиесіздігі ғана көрінбейді, сондай-ақ ол бүкіл еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан да мен әрдайым осы мәселеге назар аударамын», - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясына жүздеген мың адам қатысып, ондаған мың тонна қоқыс жиналғанына тоқталды. Оларға ризашалығын білдірді.
«Бұл акция тұрақты түрде жалғасады. Аулаларымыз бен көшелеріміздегі, саябақтар мен қорықтардағы, өзен-көлдердегі тазалық пен тәртіптің сақталуы барша азаматқа тікелей байланысты. Біз қоғам ретінде айналамыздағы тазалықтың қадірін біліп, басқа адамдардың еңбегін құрметтеуді үйренуіміз керек. Отандық медиа қоғамда жоғары экологиялық сана мен табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға зор көмегін тигізе алады. Осы орайда азаматтарымыздың ел ішіндегі, сондай-ақ шетелдегі қоғамдық орындарда вандализммен көзге түсіп, тұрпайы мінез-құлық көрсетуі – назар аударатын мәселе. Тарихи-мәдени мұраларға зиян келтіру, ескерткіштерді қорлау сияқты келеңсіз әрекеттер тек заңмен ғана жазаланып қоймай, қоғам тарапынан да айыпталуға тиіс. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі аса маңызды. Тағы бір мәселе. Алдымызда «Ұлттық домбыра күні» келе жатыр. Домбыра – қазақтың жаны, ұлт болмысының айнасы. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Біз ұлттық бірегейлігімізді сақтағымыз келсе, қастерлі аспапты қадір тұтуымыз қажет. Ол – біздің тереңнен тамыр тартатын төл тарихымыздың куәгері. Мерейлі мереке өнерімізді өрге шығарып, тұтастығымызды нығайта түсу үшін керек. Мен ұлттық құндылықты ұлықтайтын бастамаларды барынша дәріптеу қажет деп санаймын. Домбыра күні соның айқын көрінісі болуға тиіс», - деп тоқталды Президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ БАҚ өкілдерінің тағы бір маңызды миссиясы – азаматтарға экономиканың дамуы туралы жан-жақты және кеңінен ақпарат беру екенін айтты.
«Бұл ретте ауыз толтырып айтатын дүние жеткілікті. Қазір әлемде инвестиция үшін бәсеке қатты жүріп жатыр. Ал онсыз тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету қиын. Мемлекеттің осы бағыттағы жүйелі жұмысының арқасында кейінгі жылдары Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен елімізде экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған әрі қаржыландыру көлемі үлкен ондаған, тіпті жүздеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, Алматы облысында 2026 жылы әлемге әйгілі Pepsico компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі зауыты ашылады. Биыл Шымкентте түркиялық серіктестермен бірлесіп, ірі жылыжай кешені құрылысының бірінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр. Қытайлық әріптестермен Абай облысында жылына 300 мың тонна мыс қорытатын зауыт салу туралы келісімге қол жеткізілді. Жобаның бастапқы құны – 1,5 миллиард доллар, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Атырау облысында полиэтилен шығаратын интеграцияланған газ-химия кешенін салу көзделіп отыр. Менің тапсырмаммен Үкімет еліміздің батыс аймақтарын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін жедел шаралар топтамасын әзірлеп жатыр. Оның нәтижесі көп күттірмейді деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, биыл халық көптен күткен ірі автожол жобалары іске қосылмақ. Бұл жобалар еліміздің көлік құрылымын нығайтып, іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді.
«Атап айтқанда, «Астана – Алматы», «Алматы – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахань» жолдары пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жезқазған – Қарағанды» магистралін жобалау жұмыстары басталады. Мұның бәрі – жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған ауқымды жобалардың бір бөлігі ғана. Соңғы жылдары еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа жолдар мен көпірлер салынып жатыр. Инженерлік желілер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жаңартылуда. Бірақ көбіне мұндай жағымды ақпарат лайықты деңгейде таралмай жатады. Жақсыны жақсы деп айту керек. Ел дамуындағы оң өзгерістерге көбірек назар аудару бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе, мемлекеттік БАҚ-тың міндеті деп санаймын», - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салу мәселесін пысықтау туралы нақты тапсырма бердім. Қазір жан-жақты талқылау болып жатыр. Әртүрлі пікір айтылуда. Бұл үдеріске бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысуы керек. Шын мәнінде, елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн. Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындайды.
Президент сыртқы саясат мәселесіне де тоқталды.
«Сыртқы саясат мәселесіне келер болсақ, Қазақстан көпжақты ынтымақтастыққа бейіл. Сондай-ақ қазіргі халықаралық құқықтың негізі ретінде БҰҰ Жарғысының сақталуын табанды түрде жақтайды. Сыртқы саясатта біз ұлттық мүддені басты орынға қоямыз. Барлық даулы мәселені тиімді мәміле негізінде шешуді қолдаймыз. Биыл Қазақстанда халықаралық шаралар көп өтеді. Келесі аптада Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті болады. Мұны кейінгі бірнеше жыл ішіндегі жоғары деңгейде өтетін аса маңызды халықаралық форумдардың бірі десек, артық айтқандық емес. Саммитке дүниежүзі халқының жартысына жуығы тұратын мемлекеттердің басшылары, сондай-ақ ықпалды халықаралық ұйымдардың жетекшілері, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы қатысады. Мұндай ауқымды шараның өткізілуі еліміздің жаһандық аренадағы беделінің зор екенін көрсетеді. Еліміз биыл ШЫҰ-дан басқа тағы бес халықаралық құрылымға төрағалық етіп отыр. Бұл – қазақ дипломатиясының тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік», - деді Мемлекет басшысы.