Русский Сайттың толық нұсқасы

Бүгіннен бастап қарызды коллекторлық компанияларға өткізуге тыйым салынды

Банкте берешегі барларға құлаққағыс! Бүгіннен бастап коллекторлық компанияларға мораторий жарияланды. Енді олар 2 жыл бойы «қарызды қайтар» деп құлақ етіңізді жемейді. Несие беру тәртібі өзгеріп, шарттары қатаңдатылды. Енді банк алдындағы қарызын 90 күннен кешіктіргендер қайта қарыз ала алмайды. Толығырақ әріптесім Аружан Задабек түсіндіреді. 

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Еліміздегі жұмысқа жарамды 9 млн адамның 6 млн-ында несие бар. Ал оның ішіндегі 2 млн азамат берешегін 90 күннен астам уақыт кешіктіріп жүр. Олардың қарызы бір триллионға жуықтаған. Осыдан-ақ халықтың банктерге белшеден қарыз екенін көруге болады. Несие көлемі жылдан жылға артып, 17 трилллион 800 миллиард теңгеге жеткен.

Несие бастан асады дегендерге шығатын жол болуы керек қой. Осылай деген депутаттар біраз ай бұрын мәселені көтеріп, жаңа заң жобасын әзірледі. Кейін ол норма көптің көңілінен шығып, Президент қол қойды. Міне, содан бері 60 күн өтті. Бүгіннен бастап ереже іске аспақ. Сонымен не өзгереді? Алдымен берешегін 90 күннен кешіктіріп жүргендерге кепілсіз несие беруге тыйым салынды.

Самат НҰРТАЗА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Тежеу болады тежеу. Себебі адамдар өздерінің кредиттік тарихын бұзып аламыз ба деген уайым болады, қорқыныш болады. Сондықтан да адамдар несиені шынымен керек құбылысқа алуға мәдениет пайда болады. Несие алудың өзі мәдениет мысалы.

Қазір азаматтар несиесін төлемей жүрсе, банктер бас қатырмайды. Коллекторлық агенттіктерге бере салады. Олар мәселенің майын тамызып тұрып шешеді. Намысыңа тиіп, «үйтіп кетемін, бүйтіп кетемін» деп қорқытса да, әйтеуір ақшаны өндіретін. Енді мұндайға жол жоқ. Тұрғындардың қарызын 2026 жылдың мамырына дейін коллекторларға беруге тыйым салынды.

Жандос ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Бұл мәселе менің ойымша ешқандай бір өзгеріс алып келмейді. Халық қазір ойлап жатыр. Коллекторлық компанияға мороторий жарияласа несиемізде не басқа адамның алдындағы берешекті 2 жылдай бермей қоюымызға болады деп. Ол қате ұғым деп ойлаймын. Оның альтернативасы бар. Яғни балама жолдары бар.

Бұдан бөлек, қазір онлайн несие рәсімдейтін алаяқтар қаптап кетті. Енді жаңа заңға сай, микро несие алу үшін міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруден өту қажет. Әрі әйелінің не күйеуінің рұқсаты болуы тиіс. Енді желіде тараған барлық микрокредит кешіріледі деген жазбаға тоқталайық. Бұл нақты ақпарат емес. Борышкердің қарызын кешіру-кешірмеу компанияның құзырында.

Ғалымжан КЕРІМБЕК, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Біз бұл мәселемен қоғамның алдындағы масылдықтан арылмаймыз. Мұнын алдында да осындай мәселелер орын алып, ол кезде де бірақ несиелер кешірілген еді. Енді біз осы шара арқылы жеке тұлғаның, заңды тұлғаның мемлекет алдындағы жауапкершілігін біз азайтамыз.

Тағы бір ереже. Жаңа заңға сәйкес несиесі бар жігіттер Отан алдындағы борышын өтеп жүрген кезде және әскерден оралған соң 2 ай бойы қарызына өсімпұл есептелмейді.