Қырғызстанда селден қаза тапқан қазақстандық төрт баланың денесі арнайы бортпен Өскеменге жеткізілді. Еске салайық, 28 маусым күні Қырғызстанның Ош облысы Ноокат ауданында сел жүріп өтті. Салдарынан жолдар бұзылып, тұрғын үйлер су астында қалды. Көршілес елде Төтенше жағдай режимі жарияланды. Қаза тапқандардың арасында Қазақстаннан туғандарына демалуға келген 8-11 жас аралығындағы төрт бала болғаны анықталды. Бүгін Өскеменде қайтыс болған жеткіншектер жер қойнына тапсырылды. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бүлдіршіндердің туыстарына көмек көрсету үшін жедел штаб құрып, жерлеуді өткізуді өз мойнына алды.